Мәжіліс ЕАЭО туралы шарт аясында жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады

0 406

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыста, Палата депутаттары бірқатар жаңа ратификациялық заң жобасын мақұлдады

Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Құжат Қырғыз Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уақдаластықтарды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар, үшінші елдерден әкелінетін кейбір тауарларға қатысты Қырғыз Республикасы қолданатын кедендік-тарифтік реттеу саласына түзетулер енгізу қамтылған.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықаралық шарттарды ратификациялау рәсімдерінің мерзімдері кейбір министрліктер тарапынан жүйелі түрде бұзылатынына назар аударды. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы маңызды ратификацияны келісудің мемлекетішілік рәсімдерін өткізу бір жылдам астам уақытқа созылған.

— Пандемия министрліктер жұмысының қарқынын, сапасын және жауапкершілігін төмендетуге себеп болмауға тиіс. Бұл жерде басты мәселе, құзырлы министрліктер мен құрылымдардың бірлескен жұмысына байланысты. Жалпы айтқанда, халықаралық келісімдерді уақытылы ратификациялау интеграциялық процестер үшін өте маңызды, — деді Нұрлан Нығматулин.

Бүгінгі отырыста Палата Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттама Армения Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уақдаластықтарды іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ бүгін Палата депутаттары жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсатын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындар заңды тұлға қатысушыларының құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер қабылданды, сондай-ақ заң жобасының ережелері бір-бірімен үйлескен.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Рау, В.Ким, А.Милютин, Е. Смайлов, Д.Тұрғанов, С.Решетников, Ж. Ахметбеков, Қ.Иса, Б.Тілеухан, Е.Ерубаев, Б.Раманқұлов, Ғ.Елеуов, Б.Бұларов, А.Линник.

 egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.