Таразда «Өнер көзі – халықта» атты облыстық байқау-фестивалі өтуде

0 9
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Өнер көзі – халықта» атты облыстық байқау-фестивалі өтуде. Мәдени шараға өңірдің әр ауданынан келген «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдары қатысуда.

Ұжымдар байқауға толық құрамда қатысып, жанрлық талаптарға сай, тек жанды дауыста өнер көрсетіп жатыр. Бұл — халықтық өнердің шынайылығын көрсету мен кәсіби деңгейін бағалауға үлкен мүмкіндік.

Т.Рысқұлов саябағында өтіп жатқан облыстық деңгейдегі өнер сайысына Жамбыл өңірінің 10 ауданынан және Тараз қаласынан жалпы саны 38 өнер ұжымы қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпы алғанда, өңірде осындай мәртебеге ие 53 шығармашылық топ мәдениет саласына өзіңдік үлесін косып келеді. 

Айта кетейік, үш күнге жоспарланған мәдени шара маусымның 3-і мен 5-і аралығында өтеді. Фестивальдің алғашқы күні Жамбыл, Жуалы және Байзақ аудандарынан келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Сахнада күмбірлеген күй шертіліп, әуезді ән әуелеп, мың бұрылған ұлттық би көрініс тапты. Көрермендер ерекше әсерге бөленіп, ықыласқа толы көңіл-күйлерін ыстық ықласқа толы авациямен білдіріп жатты.

Байқау бірнеше аталым бойынша өтуде. Атап айтқанда: «Үздік ән-би ансамблі», «Үздік аспаптық — фольклорлық ансамбль», «Үздік хор — вокал ұжымы», «Үздік би ұжымы» номинациялары сарапқа салынуда. Іс-шара барысында қазылар алқасы әр ұжымның орындау шеберлігіне, сахналық мәдениетіне және ұлттық құндылықтарды жеткізу ерекшеліктеріне баса назар аударатындықтарын айтты.

Мәдениет пен өнерді дәріптейтін бұл байқау өнер ұжымдарының шығармашылық деңгейін анықтап, халық өнерін насихаттауды және ұжымдар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуды мақсат етеді. 

Мадина МАДИЕВА,

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.