Туған жер төріндегі тарихи сәт

0 332

Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнай жобасы аясында еліне еңбегі сіңген ер, ауданымыздың абыройы, өз дәуірінде беделі артқан тұлға Тұтқабай Әшімбаевтың 100 жылдығы еліміздің мерейлі да-таларымен тоқайлас келіп отыр. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, ұлық болса да кішік болған, елі үшін еміреніп, тер төге жұмыс атқарған басшыларды жылдар жылжыған сайын халқы дәріптей түседі. Мұндайда «Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» деген нақылдың өміршеңдігін тереңінен ұғынғандай боласың. Міне, Тұтқабай Әшімбаев та сондай нар тұлғалы азаматтардың бірі. Жуырда ғана оқыған жан ой да, бой да түзесін деген ниетпен тұлға турасында мәнді мақала жариялаған едік. Жақсылықтың жалғасындай болып «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Тұтқабай Әшімбаев: Естеліктер. Воспоминания» кітабының тұсаукесері өтті. Белгілі журналист Ғани Қариннің құрастыруымен жарық көрген кітаптың алғы сөзінің өзінде «Бүкіл бір елдің есінде ерекше сақталатын тұлғалар болады. Сондай адамдардың бірі-Тұтқабай Әшімбаев» деп жазылғаны кітаптың құнды екенін аңғартады. Оған қоса «Басқасын айтпағанда, оның отбасының қасиетті Маңғыстау жеріне бір чемоданмен келіп, бір чемоданмен кеткенін талайдың көзі көрді» деген жолдарды оқығанда тебіренбей қоймайсыз. Келелі кездесуге осы кітаптың жарыққа шығуына үлкен сеп болған әрі белді тұлғаға туысқандық жақыны бар академик Рахман Алшанов, Тұтқабай Әшімбаевтың ұлы Бахтияр Тұтқабайұлы, келіні Гүлжан Сабырқызы, немересі Бауыржан Бахтиярұлы арнайы келді. Рухани азық сыйлаған әсерлі кешті бастан-аяқ аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов жүргізіп отырды. Жиынға естеліктерімен бөлісуге Тұтқабай Әшімбаевтың көзін көрген, үзеңгілес інілері Төлепберген Бекназаров, Жұмажан Асылбековтар да арнайы келіп қатысты. Ел қадірлеген тұлғаның есімін есте сақтап, оны болашақ ұрпақтарға аманат етіп қалдыруды басты мақсат етіп ұстанған Тұтқабай Әшімбаевтың артындағы іздеушілері ерекше оқиғалармен, әсерлі естеліктерімен бөлісу арқылы «Тектіліктен нәр алған тозбайды» деген аталы сөздің үдесінен шыға білді. Жиын соңында осы кездесудің орын алуына ауыздық болған Өндіріс ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әшімбаев пен кәсіпкер Байжан Әшімбаевтар да кәдесіз қазақ болмайды демекші дәстүрден айнымай Рахман Алшановқа ата жолын ардақтағаны үшін «Ағайындар» деген кітапты сыйға тартты. Бұған қоса, кеш қонақтары «Тұтқабай Әшімбаев: Естеліктер. Воспоми-нания» кітабы аудандағы мектептерге таратылса деген тілегін жеткізді.

Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.