Қазақстанда ауыл әкімі болуға кез келген азамат өзін ұсына алады

0 386

Қазақстанда енді кез келген азамат өзін ауыл әкім болуға ұсына алады. Бұл  «Сайлау туралы» заң жобасында қарастырылған.

Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «биыл ауыл әкімдерін халық өзі сайлайды, онда барлық партиялардың, соның ішінде парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда ұстаймыз» , — деп мәлімдеген еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ұлттық экономика министрлігі «Сайлау туралы» Заң жобасын таныстырды.

Жоспарға сәйкес, биыл ауыл әкімдерінің сайлауы тамыз бен желтоқсан аралығында өтеді. Жауаптылардың айтуынша, осы аралықта 836 ауылдың әкімін халық сайлауы керек.

Сайлауға саяси партиялар кандидат ұсына алады немесе кез келген азамат өзін-өзі ұсынады. Кандидат 25 жастан асқан, сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білімді болуы шарт.

Өзін-өзі ұсынған азамат кемі бір жыл мемлекеттік қызметте немесе екі жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуі тиіс. Яғни, ешбір жерде ресми жұмыс істемеген, бірақ ауылының мәселесін жақсы білетін азаматтар сайлауға түсе алмайды. Айтылған талаптарға сай, өзін-өзі ұсынған азамат сайлауға дейін ауыл халқының кемі бір пайызының қолын жинауы керек. Ондай болмаған жағдайда сайлауға қатыса алмайды.

Соынмен бірге үкіметтен қаржы алып отырған қызметкерлер, яғни ауылдың мұғалімдері немесе мектеп директорлары, әскерилер мен полицейлер сайлауға түспейді. Заң жобасына сәйкес, ауылын бес саусақтай білетін, іскер бұрынғы мектептің немесе мәдениет үйінің директорлары да сайлауға қатыспайды.

Заң жобасының дәл осы тұсына біраз заңгерлер мен түрлі ұйымның мүшелері қарсылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, ауылдың әкімі болуы үшін бір жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің қажеті жоқ.

«Әкім болуы үшін кем дегенде 2 жыл бір ұйымда басшы болуы тиіс делінген. Тіпті мемлекеттік орган да емес. Меніңше бұл дұрыс талап емес. Үміткер ауылдықтардың талабын, қажетін білетін адам болса, сол ауылдың тұрғыны болса оған мұның қажеті қанша? Мұндай талаппен ол үміткер бола алмайды ғой», — деді заң ғылымдарының докторы Сәуле Амандықова.

Заң бойынша ауданның әкімі де кандидат ұсына алмайды. Сайлау науқаны қырық күнге созылады. Оның 8 күні үгіт-насихат жұмыстарына беріліп отыр.

Биылғы 836 әкімді сайлау үшін ел бюджетінен 4,8 миллард теңге бөлінген. Ал аудан мен облыстың әкімдерін халық 2024 жылы сайлайды. Қазіргі заңнама бойынша облыстың әкімдерін мемлекет басшысы, ал ауданның әкімін облыс әкімі президент әкімшілігінің құптауымен тағайындайды. Енді билік кезең-кезеңмен, 2025 жылға дейін барлық дәрежедегі әкімді халықтың өзі сайлап алуына көшірмек.

Еске салайық, ұлттық экономика министрлігі әкімдерді тікелей сайлаудың алғашқы кезеңіне 17,6 млрд теңге қажет екенін хабарлаған еді.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.