«ИМАНЖАПЫРАҚ ІЗДЕП ЖҮРМІН…»
(Шерхан Мұртазаның күнделігінен үзінділер)
Шер ағамыз – республикалық газеттер мен журналдардың бас редакторы болу жөнінен айы оңынан туған адам. Алпысыншы жылдардағы өмірін тәптіштемей беріден қайырсақ, 1970-72 жылдары 38 жасында «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы болды. 1972 жылы қылшылдаған қырық жасында «Жұлдыз» журналының бас редакторлығына тағайындалып, әдеби ортаның ордасы саналатын қалың журналда қызмет істеп жүрген асау ақындар мен жампоз жазушыларға 1975 жылға дейін басшылық етті. 1975–1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы деген лауазымды иеленді.
Ал 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып тағайындалып, әдебиетіміз бен өнеріміздің қара шаңырағы атанған басылымды халықтық газетке айналдырды. Содан 1989 жылға дейін осы газеттің деңгейін көтеріп, оқырманын көбейтіп, рухани азыққа сусаған жұртқа тұщымды дүние ұсыну үшін көз майын да сарқыды, жүйкесін де жұқартты, тіпті инфаркт та алды.
Иә, қате оқып отырған жоқсыз, дәл солай. Шер ағаңды адуынды мінезіне, парламентте отырып президентке қарата айтқан күркіреген күндей қаһарлы сөздеріне қарап, шындықты бетке айтатын бұл жансебіл жазушыға ешкім қарсы келмегендей, ешкім үстінен арыз жазып, көңілін алағай да бұлғай қылмағандай көреді. Жоқ, мүлде олай емес. Шер ағаң да ет пен сүйектен жаралған пенде, оның да басқан ізін аңдып, сөзі мен өзін жағымсыз етіп көрсетуге тырысқан ірілі-ұсақты бақталастары мен тақталастары өте көп болды.
Бұл туралы ақиқи, бояусыз шындықты Шер ағаң өз қолымен күнделігіне жазып кетіпті. Оның бәрін мысалға келтірсем, мына газетіміздің 24 бетіне де сыймас еді. Сондықтан күнделікке үңіліп, «Шер ағаң «Қазақ әдебиеті» газетіне қашан және қалай келді? Сол жылдардағы (айлардағы, күндердегі) көңіл күйі қандай болды? Кімдерден қолдау көрді? Кімдер ренжітті? Кімдер үстінен арыз жазды?» деген сұрақтар төңірегін ғана қаузап көрейін.
* * *
«28. IX. 80.
Подарок ко дню рождения: «Қ.Ә.» !»
* * *
Бір-ақ ауыз сөз. Бірақ түсінікті. Шер ағаң өзінің туған күні 28 қыркүйекте «Қазақ әдебиетіне» бас редактор боп баратынын естіген де, соны бір ауыз сөзбен түртіп қоюды ұмытпаған. Ұсақ-түйек деп қарамаған.
Енді күнделікті ары қарай парақтайық. Шер ағаң осы жазбасынан кейін ертесіне бүй депті.
* * *
«29.IX.80.
Закаш Камал (ҚК ОК хатшысы – К.С.):
– Нам бы хотелось, что бы вы за новую работу взялись с большой охотой. Хотим видеть газету «ҚӘ» такую как «ЛГ»!
Георгий Мих. Шестаков (ҚК ОК насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі. – К.С.):
– Мы с тобой еще никогда не устраивались на работу по заявлению. Это – честь!
Мих. Ив. Исин (азан шақырып қойған аты-жөні Есенов Хәкім Тілекенұлы. Сол кезде ҚК ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған. – К.С.):
– Как сам?
– Я – солдат.
«Адамның басы ОК-ның добы, қайда лақтырса, сонда домалайды», – дедім ішімнен.
Принцип?
– Біреу жұмысты ақсатады, оны жоғарылатады. Біреу жұмысты жүргізеді, оны шегіндіреді. «Түйенің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ».
* * *
Осылайша, Шер ағамыздың, қайраткер, қаламгер Шерхан Мұртазаның «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы деген қызметіндегі алғашқы күні басталып кетеді де, келесі 1981 жыл жылымдай жылжып ағып жеткенше «ҚӘ» газетін қалайда оқылымды етіп, беделін көтеру үшін өткізілген лездемелерінде («летучка») қызметкер-қаламгерлер мен алқа мүшелері айтқан ойлар мен пікірлері бар, әлем ойшылдарынан жазып алған қанатты сөздері бар, Құран кәрім мен хадистерден көшіріп алған аяттары мен дұғалары бар, барлығы 12 параққа күні, айы, жылы көрсетілген 30-ға тарта жазба қалдырыпты. Былайғы жұрт біле бермейтін дерек – Шер аға кейбір жазбаларын араб әліпбиімен және латын қарпімен жазған. Оқыған, танысқан адам неге өйткенін біледі, түсінеді. Бірақ оның бәрін қаз-қалпында мысалға келтіруге тағы да газет көлемі көтермейді. Бірақ Шер ағаңның ет пен сүйектен жаралған пенде ретіндегі тұлғасын былайғы жұрт жете танып-білу үшін әбден керек жазбалар.
Ал 1981 жылды Шерағаң мынандай көңіл күймен қарсы алыпты.
* * *
«1.I.81.
Қарсыз, жылы жаңа жыл. Қаланың үсті қара тұман. Сағ. таңғы 5-те сиг. экз. Асқар Ег. – кезекші. Газет 60 000-мен шықты. Бұл – алғашқы жеңіс.
Сылтау түбі – сырқау. Сылтау айтпайтын кез болады. Ж.Ж. алдындағы коллектив бас қосуы. Болмашы себептермен Ә. Н., С. Д. келмей қалды. О. С.,
С. А. аурушаң болды. Әттең мықты жігіттер жиналар ма еді…» (адам аттарын белгілі себептермен қысқартып жазып отырмын. Әйтпесе Шер ағаң нақты жазған. – К.С.).
* * *
Осы 1981 жылдың шілде айында Шер ағаң бір кездері сонау Қатон-Қарағайдан аттай қалап шақырып алған талантты журналист, жазушы інісі Оралхан Бөкейге ренжіп қалады. Жо-жоқ, әуелі Оралхан інісі Шер ағасына өкпесін айта келеді.
Былайғы жұртқа Шер ағаң мен Ор ағаң бір-біріне ешқашан «шәйт» деспеген ағалы-інілі бауырдай боп көрінуі мүмкін. Мүлде олай емес. Өмірде ең жақын достар тұрмақ, тіпті бірге туған ағайындар да бір-бірімен қырбай боп, араласпай жүреді. Сондықтан үйінде жамбасы тесілгенше жата беретін жалқау ғана ұрыс-керістен, сан алуан сындардан ада болады да, ал қайнаған еңбектің, оның ішінде, әдеби процестің ортасында жүрген адамдар рухтас болса да кей-кейде қабақ шытысып қалатын кездері боп тұрады.
Бірақ мұндай шетін әңгіменің шетін шығармас бұрын Шер ағаңның күнделігіне түскен «лездемедегі», одақтағы, съездегі, пленумдардағы, мерейтойлардағы іле-шала қағазға түскен пікірлерінің, ойларының, ұсыныстарының пәркін бұзбай мысал келтіре кетейін. Бұл мысал бүгінгі бас редакторларды, бас редактор болсам деп жүрген арманшыл жастарды қызықтырады деп ойлаймын.
* * *
«18. VI. 81.
Редколлегияға.
1) Толғау, публицистикасы.
2) Сын. Х. Ерғ., С. Мәу.,
С. Шәй., А. Исаб., Ә. Жәм., Қ. Сәр., Ш. М.
С. Мәуленов: – Газетте батылдық пайда бола бастады.
А. Сейдімбеков: – «Жер тілі» – көтерілген мәселеден нәтиже.
Ленингр., Әлия, Жазушы, Жалын, Маңғыстауды қолдаймыз. Сын онша емес. Табиғатты қорғау, мұраларды қорғау – тұрақтандыру. 3 млрд – сор, сортаң. Басқалардан бұрын батылдық танытып, беріп жіберу керек. Сортаңнан не пайда?
С. Шәймерденов:
– Басынан аяғына дейін жалықпай оқуға болатын болып жүр. «Л.Ж.» жылымшы сөз.
– Әңгіме жағы ұсақтап бара жатыр. Үлгі боларлықтай екенін беру. Оқушыға, жазушыға ой салатын болсын. Әйтпесе түбі жақсылыққа апармайды. Соңғы бет ұнайды. Бәрі бірдей емес. Әңгіме ала-құла.
Х. Ерғалиев:
– Қимыл, қозғалыс бар. Енді тездету керек. Жоспар оңды.
– Өлең – бәрі тең емес. Үлгі боларлықтайын ғана беру керек. Әңгіме – інжу-маржан керек!
Дулат Исабеков:
– Қазір «Қ.Ә.» іздейтін болдым. Редколл. мүшесі болғаныммен әлі түк бітірген жоқпын. Ұлт мәселесі:
– Жас жұмысшы. Мәселе!
– Бір шығарма туралы екі пікір.
– 16 б. мәселесі керек. «Сыйпамалар», «Шымшымалар»., әзілге!
– 1№ түгел породия.
Қалтай Мұхамеджанов:
– Тақырыптық, мәселелік нәрселер көріне бастады. Бет-әлпетін, көшін түзеп келе жатыр. «Жүйелі сөзден» бастап, бәрі жүйеге түсе бастады. Сын объективті жүйеге түсе бастады. Әңгіме айқыш-ұйқыш. Жалған футуризм.
– Тіл мәселесі!
– Табиғат, мораль!
– Қойшы, малшы, жылқышы!
– Өлең – ең таңдаулысы. Поэзияға сақ бол! Өндіріс тақырыбын қалай игердік? Ауылды білеміз. Өндіріс ше? Цветмет бізде ғана.
– Мұраларды қорғау мәселесі».
* * *
Шер ағамыз алқа мүшелерінің ойлары мен ұсыныстары негізінде былай деп түйіндепті.
* * *
«– Жүрекке ыстық тұлғалар
– Абайдың Сенатқа жазған хаты.
– Табиғатты қорғау.
– Әдебиет пәні оңай ма?
– Тіл мәселесі.
– Поэзия.
– Сын (оқыту)
– 16 бет – Бүйенбай!
– Рецензия проблемалары.
– Көркемдік шарттар.
– Лаборатория (сіз қалай жазасыз?)».
* * *
Сонымен… Шер ағаң мен Оралхан арасындағы өкпе-ренішке байланысты жайтқа оралайын. Шер ағаң оны бүй деп жазыпты.
* * *
«31. VII. 81.
C. Жұмабековтің мақаласы. Оралхан кабинетке ентелей кіріп:
– Рақмет, – деді.
Шалқая түсіп отырды.
– Рақметің шын болса, саған да рақмет.
– Түк түсінбейтін біреуге сонша сынатқаның не?
– Түсінетін шығар.
– Өзіңіз оқыдыңыз ба?
– Оқыдым.
– Онда иман қайда? Ұят қайда?
Сөйтіп, кешегі өзім асыраған текешік бүгін маған көзін ежірейтіп, сүзбекші болды. Иманың, ұятың жоқ, – деді».
* * *
Шер ағаңның күнделік дәптерінен осыны оқыған кезде, неге екенін, дәл сол кезде екеуінің жас айырмашылығы қанша болды екен деп ойладым. Есептеп жіберсем, Шер ағамыздың жасы 1981 жылы 49-да болса, Оралхан 38-де екен. Арасы 11 жас. Бір мүшелге жетер-жетпес айырмашылық. Біреуі – аға, екіншісі – іні. Бірақ талант пен әдебиет майданындағы жанкешті еңбек екеуінің дәреже-дәргейін теңестіріп жібергені сондай, бір-біріне еркін, ашық.
Одан кейінгі басымнан зу етіп өте шыққан сезім, ол – сөз өнеріндегі екі алыптың арасындағы осы уақытқа дейін қалың қауымға белгісіз және белгісіз боп қала бергені де жөн құпияны қапияда біліп қойып, қолайсыз хал кешіп, өзімнен өзім ыңғайсыздануым болды.
Шер ағаңның сол тұста «Сайлаубек Жұмабековтің мақаласы» деп нүкте қойып, ары қарай жалғастырған әңгімесіндегі Сайлаубегі кейін белгілі әдебиет сыншысы болды. Білетіндер де жөн дер, аңқылдаған, қарапайым сыншы болатын. Тоқсаныншы жылдардың ортасы мен екі мыңыншы жылдардың басында талай рет көргем, сөйлескем, аузын ашса, жүрегі көрінетін адам. «Сәкең сонда Ор ағаңды не деп сынап жүр? Қай жазғанынан кінәрат тапты?» деп ал кеп ойланайын. Сол сын мақаланы тауып алып, тез таныспасам, көңіліме бірдеңе жетіспейтін сияқты жан дүнием табан астында қоңылтақсып сала берді. Өйткені Ор ағаңдай хас суреткер жайдан-жай ашуланбаса керек. Күнделігіндегі мық шегедей нық жазуына қарағанда, Шер ағаң да Сайлаубек сынының дұрыстығына өте сенімді. Кешегі шәкірті, бүгінгі талантты інісіне есесін жібермепті.
Ақыры сарыла іздеп жүріп, 1981 жылдың шілдесіндегі «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Роман және әлеуметтік талдау» деген мақаланы таптым-ау. Ол мақалада отыз бес жастағы сыншы Сайлаубек Жұмабеков қазақтың талантты жазушылары Есенжол Домбаевтың «Жаман Жәутік», Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» және Бексұлтан Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт» атты алғашқы романдарына әдебиет сыншысы ретінде пікір айтыпты. Үш жазушының романын әлеуметтік тұрғыдан талдауға ұмтылған мақаланың қомақты бөлігі, шынында, Оралханның романына арналған. Алқымнан алар ащы сын да «Өз отыңды өшірменің» пешенесіне жазылыпты. Сол уақыттағы жас сыншы Сайлаубек Жұмабеков ары қарай қаламгер романындағы бұдан басқа да кемшіліктерді тізіп өтеді. Олардың бәрін жазатын болсақ, мақаламыз тым ұзап кетеді. Ұзап кетеді демекші, Оралхан Бөкейдің романына арналған сөз жазушылар Есенжол Домбаев пен Бексұлтан Нұржекеевтің романдарына арналған сөздерге қарағанда молдау екені көрер көзге анық көрініп тұр. Сосын, олар Оралхан сияқты сын садағының жебесіне ілініп, «қан жоса» болмаған. Керісінше, мадақ пен ризашылық басым. Мақаланы салыстыра қарап отырып және қатар жүрген қаламдастар романдарына арналған сыни пікірлер арасындағы алшақтықты саралай келіп, сонау Шығыс Қазақстандағы Қатон-Қарағай ауданында шет жайлап, қиыр қонып, КазГУ-дің журналистика факультетінің үшінші курсында сырттай оқып жүрген жерінен Алматыға, жастар газеті «Лениншіл жасқа» шақырып алған Шер ағасының кабинетіне Ор ағаңның ентелей кіріп келіп, шалқайып отыра кететініндей бар екен-ау деп қалдым.
Бірақ Шер ағаңның күнделігін одан ары қарай оқып, бұл сынның жауласу емес, ініні ширықтыру, қамшылау мен қолдау екенін, оның Оралхан «тақырыбына» оқтын-оқтын оралып отырғанын білдім. Білдім де, Шер ағаңның Оралханның талантын мойындайтынын, оның тағдырына, тіпті отбасындағы қиыншылықтарға дейін алаңдап, жаны ашитынын біліп, аға пейіліне құлдық ұрдым.
Қараңыз, «Лениншіл жасқа» шақырып алғанын жұрттың бәрі біледі, ал Шер аға 1972–1975 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болса, Оралхан Бөкей 1974–1983 жылдары осы журналдың проза бөлімін басқарғанын сырт адам біле бермейді. Шер аға 1980–1989 жж. «ҚӘ» газетінің бас редакторы болса, Оралхан Бөкей 1983 жылы, өзі жайлы сын мақаладан кейін осы газеттің бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Егер деймін да, Шер аға Оралхандай шәкіртінің, ізбасар інісінің шығармашылық еңбегі мен ізденісін, талантын мойындамаса, тырнақ астынан кір іздеп, біреулерге айтып сын ұйымдастырса, оны өзі басқарып отырған газетке қасақана бастырса, онда ылғи өзі басқарған газеттер мен журналдарға өзімен бірге алып барар ма еді? Әрине, жоқ. Сондықтан Шер ағаңның Сайлаубек сынын жариялауда ойында екі мақсат тұрған. Біріншісі – шәкіртін әдебиеттің әздегі болмауы үшін қамшылап, қатайтып алу, екінші – Орашын шәкіртім екен, сонау Шығыс Қазақстанда жүрген жерінен шақыртып алып, туған ағасындай болып отырғанда мына сынды басуға қалай дәтім барып қол қоям десе, жас сыншы Сайлаубектің де батыл ойы мен тосын пікірлеріне тұсау боп, сағын сындырмақ. Қазақы мақалмен айтсақ, «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі». Мұндайда, бір-ақ жол, ол – арға жүгіну. Ор ағаңның осыдан кейін жазған «Бәрі де майдан» атты романға бергісіз повесі сол заманның түсінігі тұрғысынан алғанда түрен (қалам) ізі түспеген тың тақырыбымен, нақтылығымен, ақыл-парасат деңгейінің биіктігімен қалың оқырман жүрегін жауалап алды. Бұған дейін «Мұзтауын» оқып, миымның аталасы шығып (жақсы мағынада) жүрген менің «Бәрі де майданды» оқып жаным бір рақаттанып қалған.
* * *
«ҚӘ» келгеніне екі жылдай болғанда, Шер ағаң бүйдеп жазыпты. Закашпен (Шер ағаң Зақаш Камалиденовті «Закаш» деп жазады екен. – К.С.) әңгіме:
* * *
– Газет түзелсін деп ем, ренжіп қалған жоқсыз ба?
– Сіз бен біздің тәрбиеміз солай. Қай жерге керекпіз, сонда жіберсе барамыз. Күшімізді аямай, беріле жұмыс істейміз.
– Газет жақсарды. Тиражы өсті. Рақмет!
– Сізге де. Қайда жүрсек те жүрек адал.
* * *
Бірақ «ҚӘ» газеті жақсарып, таралымы (тираж) өсіп, Зақаштан рақмет естігенімен, Шер ағаңның жұмыс барысындағы талапшылдығына, жауапкершілік жолында жанын пида етер жанкештілігіне шыдамаған, соның бәрін өздерін «қуғындау» деп қабылдаған топтар пен тобырлар бұл кезде ҚК ОК арызды қарша боратып жатқан.
* * *
«20.ІІІ. 82.
Қара күйе күйдірмейді. Бірақ былғайды. Күйе жаққыштардың Қонаев пен Пельшеге хаты. Аттарын жасырады. Бірақ сасық иістері алыстан мүңкіп, өздерін өздері әшкерелеп тұр.
– Ш.М. бас редактор болғалы Е, Т, Д, Ғ. т.б. сынға ұшырап, тепкі көріп жүр, – дейді.
Ш.М. әр қызметте 2 жылдан артыққа шыдамай орнынан алынып, жылжи береді дейді.
– Д, Н, Х, Қ сияқты аса талантты журналистерді жұмыстан қуды, – дейді.
Бірақ бұлар боқ жейді. Өйткені сыналғандар әділ сыналды. Ешкімнің дауы жоқ.
Ш.М. 8 «ЛЖ» редакторы болып үздіксіз, 2 жыл «Жалынға» редактор болып, жоғарылатылып «Жұлдызға» редактор болды. Одан жоғарылатылып, Одаққа секретарь болып 5 жыл отырды. М. кезінде тұралап құруға айналған газетті қайтадан аяғынан қаз-қаз тұрғызғаны үшін Орталық Комитет оны осы қиын салаға әдейі арнап жіберді. Бұл жаза емес. Сенгендік. Ол сенім ақталды. «Аса талантты» дегендері – дарынсыздар. Олардан арылмаса, газет түзелмес еді.
Сонымен, Ешкі, Пұшық, Маймақ, Қара икра (Ұлтанқұл) қара күйелі хаттары мені күйдірмек тұрмақ, былғай да алмайды. Ақтың жолы – хақ! Редакцияда республиканың барлық түкпірінен адамдар бар. Менің жерлестерім – қазақстандықтар!»
* * *
Тамшы тама берсе, тас та мүжіледі. Үстінен қарша бораған арыздан Шер ағаң да қажыпты. Тіпті «жұмыстан кетем» деп арыз да жазған. Ол туралы былай депті.
* * *
Кешегі Шеварднадзенің сөзі. Жаңалығы бар. Адамға деген мейірім сезіледі. Адамды арқасынан қағып, бір ауыз жылы сөз айта сал дейді.
Ал менің өркөкірек бастығым тек жекіруді ғана біледі. Арыз беріп, жұмыстан босатуды өтіну де соның салдары болар.
Юстиция – әділет.
Басшымыздың жан-жағы қыбыр-жыбыр бәлеқорлар. І, Х, С. Д., А. Ш., Ә.Әб. т.б.
Біздің жергілікті басшылардан мұндай мейірлі сөз есту – алыс арман. Олар ақырып-ақырып тұрғанды ұнатады.
* * *
Осымен Шер ағаның өмірі мен көңіл күйінің кейбір сәттері қаз-қалпында қағазға түскен күнделігінен үзінділердің бетін жапқаным дұрыс шығар. Бірақ сол Шер ағасы 60 жасқа толған кезде, Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ көлінің жағасындағы көрікті тоғайдың алаңқайына құрылған ашық сахнаға алшаңдай басып шығып: «Аға!» – деп сөз бастаған Ораштың жүрекжарды лебізімен аяқтағанды жөн көрдім.
«Аға!
Мен сізді ешқашан да аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап, «аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағамдай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынмен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да; бірақ сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері, ағалық-інілік әдемі жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен сізді, аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім.
Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда кәперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикада соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, аға, мен көрінем бе екем?!.»
Шер ағаңның Орашы ағасына осылай деген. Шер ағаң да, Ор ағаң да – пенде. Пенделер пенделігін жасап қуанады, шаттанады, қамығады, торығады, ашуланады, татуласады, бір-біріне кектеседі, кетіседі, бір-біріне қамқор болады – соның бәрі Шер ағаңның күнделігінде таңғы шықтай мөлдіреп тұр. Теріп ап, шөліңді баса бер.
Ертеректе Шер ағамның әңгімелерін оқып (Әбіш аға Кекілбай Шер ағаның «Сүдігері…» мен «Жүз жылдық жарасын» оқып шығып: «Минорный» екен», – деп баға беріпті. Шер ағаң бұл туралы: «Минорный» болмасқа не шара, мұңсыз шығарма жарқылдақ, ондайға сене беру қиын. Мұңсыз, армансыз адамдар қауіпті», – деп жазыпты. 20. V. 86.) тұщынушы ем, енді күнделігін оқып, жазушы жан дүниесін бұрынғыдан да жақынырақ, бұрынғыдан да тереңірек тани түстім. Шер ағаның ішкі жан дүниесі сонау отызыншы, қырқыншы жылдары аш құрсақ жүрген тұсында ғана емес, кейінгі, болып-толған кезінде де шер-шеменге толы болған екен. Әйтпесе қайсар қаламгер, «Қазақ әдебиетінің» білдей бас редакторы көңілі қамырығып отырып «Иманжапырақ іздеп жүрмін…» деп бекерге мұңайды, бекерге жазды дейсіз бе?
Көсем-Әлі
СӘТтІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, жазушы