Алаш арыстарының асыл мұрасы

0 12
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Алашорда ісі. 1920-1940 ж.ж құжаттар мен материалдар» атты 12 томнан тұратын тарихи-құжаттық жиынтығының жарық көру ақпараттық қолдау іс-шаралар жоспары бойынша «ББ тарих және география» кафедрасының PhD Гүлжан Идрисованың және студенттер мен магистранттардың ұйымдастыруымен «Алаш арыстарының асыл мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен болашақ тарихшылар, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төраға орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық жобасының жүлдегері, «Алаштану» авторлық бағдарламасының авторы Тараз қаласындағы Төле би атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Қанат Бердалиев, «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының доценті Бақытжан Жүрсінбаев, аға оқытушылар Ерлан Байболов, Зәуірбек Исаев, оқу орнының кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Иржанова Алаш қайраткерлерінің еңбектері туралы құнды деректерімен бөлісті.

Модератор Гүлжан Идрисова «Саяси қуғын- сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қолдауымен жарық көрген «Алашорда ісі 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» 12 томдығына тоқталып өтті. Бұл жинақтың ғылыми маңызы зор. Себебі ол еліміздің тарихын тереңірек зерделеуге, сондай- ақ ұлттың тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтауға бағытталған құнды материалдарды алғаш рет ғылыми айналымға енгізеді. Магистранттар мен студенттер бұл басылымды оқи отырып, Алаш қозғалысы туралы тереңірек мәліметтер алып, қазақ тарихының маңызды кезеңдері мен тұлғаларына қатысты жаңа көзқарас қалыптасты.

«Архивтік материалдар негізінде жарық көрген көптомдық еңбек сіздерге берілген үлкен мүмкіндік. Ғылыми зерттеулер жүргізуде студенттер мен магистранттар үшін таптырмас деректер енді қолжетімді болады. Сондықтан, жас тарихшылар жыл сайын дәстүрге айналған «Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауға биыл көбірек қатысады деген сенімдемін», – деп Гүлжан Идрисова жалпыұлттық жобаға осы 12 томда жинақталған архив материалдарының негізінде қатысуға шақырды.

Қорытындылай келе, Алаш арыстарының ұлттық мемлекет құруды көздеп, елді бірлікке шақыруы – бүгінгі ең қажетті құндылық. Ол қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекетінің саясатымен үндесіп жатыр. Қазақ халқының азаттығы мен бақыты жолында күрескен, сол жолда құрбан болған Алаш ардақтыларының сан-салалы асыл идеялары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірте-бірте жүзеге асуда. Кезінде Алаш арыстары атанған ұлтымыздың ұлы перзенттерінің халқына жасаған ұшан-теңіз еңбектері, рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек. ХХ ғасырдың басындағы Алаш өкілдерінің өмірбаяндық мәліметтеріне талдау жасау қазақтардың, соның ішінде Алаш қозғалысына қатысушылардың білім деңгейінің жоғары екендігін олардың қазақ халқын ағартушылық ісіне және сауаттылықты таратуға, олардың саяси белсенділігі мен жоғары ұлттық патриотизм және өз Отанына шексіз сүйіспеншілігін қалыптастыру жолында қажымай еңбек еткендігін куәландырады.

Гүлсара БАҚБЕРДИЕВА,

Кітапханалық-ақпараттық орталықтың Қорды ұйымдастыру және сақтау бөлім басшысы.

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.