Әлемді мойындатқан Мұхамед-Омар

0 6

Қазақ даласында қылқалам ұшына күллі әлемді сыйдырған талантты суретшілер аз емес. Киелі Әулиеата өңірін әлемге танытып жүрген суретші Мұхамед-Омар Паншаевті де сол қатарға жатқызуға болады.
Жамбылдық қылқалам шебері Қытайдың үздік 10 суретшісінің қатарына енген

 

Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО суретшілер одағының мүшесі Мұхамед-Омар Сализұлы 1957 жылы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге, шығармашылыққа жақын болып өскенімен суретші боламын деп мүлдем ойламаған екен.

– Негізі дүнген халқы сурет салып, мүсін жасауды күнә деп есептейді. Сондықтан суретші боламын деп мүлдем ойламадым. Әкем мұғалім болып қызмет атқарды. Қазақтың барлық жазушысының шығармашылығын сүйіп оқитын. Әсіресе Абайдың өлеңдерін жатқа айтатын. Анам да он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері еді. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде бойымдағы өнерімді ақырын байқай бастадым. Біздің бала кезімізде түрлі-түсті теледидар, телефон болған жоқ. Үйрететін ешкім болмады. Сөйтіп далада табиғатқа ұзақ қарап отыратынмын. Талдың жапырақтарымен, таспен, топырақпен тілдескендей боламын. Құдды бір маған ішіндегі сырларын ақтарғандай болатын. Кең даланың сұлулығына сүйсініп қарап отырып 12 беттік дәптерге ойларымды жазамын. Арасында сурет те саламын. Бір отырғанда екі дәптерді толтыратынмын. Сол кездерде әкеме болашақта жазушы боламын дейтінмін. Шынымды айтсам, суретші болу туралы мүлдем ойламаппын. Дегенмен біздің сыныпта барлық оқушы суретті жақсы салатын. Сыныптастарыма еліктеп, уақыт өткен сайын сурет салуға қызығушылығым арта түсті. Алғашында адам бейнесін, табиғат туралы суреттер салдым. Атам молда болғандықтан бұл өнеріме қарсы болды. Алайда өнерімді байқаған әкем бір күні пионерлер үйіндегі Гарбанёв есімді мұғалімге алып барды. Ойы – Гарбанёвқа салған суреттерімді көрсетіп, қабілетімнің бар-жоғын білу. Гарбанёвқа барғанымызда артық ештеңе айтпастан қасында тұрған құмыраның суретін салуды тапсырды. Ішімнен: «Лениннің, Сталиннің суретін салып жүрмін ғой, құмыра деген сөз болып па?» деп ойлап тұрдым. Сонымен қайта-қайта саламын, болмайды. Сөйтсем сурет салуды натюрморттан бастау керек екен. Қайта-қайта салғаныммен түк шықпағаннан кейін әкеме сала алмайтынымды жеткіздім. Маған жаны ашыды ма, әлде шынымен талантымды байқады ма, кім білсін, әйтеуір Гарбанёв пионерлер үйінде үш жыл оқуым керектігін әкеме айтып жатты. Арада біраз уақыт өтті. Сөйтіп 8-сыныпқа көшкенімде Гарбанёв арнайы учищилищеге оқуға баруым керектігін айтты. Әкемнің келісімімен Қырғызстанға 4 жыл оқуға кеттім. Әрине ана жүрегі нәзік болғандықтан оқуға кетуіме анам қарсы болды. Алайда әкем анама мән-жайды түсіндірді. Талпынысымды көріп анам да ақ батасын берді, – дейді кейіпкеріміз.

 

Расында бала бойындағы өнерді ата-анадан артық ешкім сезе алмас. Баласының биік белесті бағындыруын кез келген әке, әрбір ана қалайтыны белгілі. Кейіпкеріміз өткен күнді еске алып, балалық шаққа саяхаттағандай сезімде болды.

– Соңғы курста оқып жүргенімде Сталинград пен Мәскеуден талантты адамдарды іздеп әрі мықтыларын іріктеп алуға бір топ адам келді. Ол кісілер менің де өнерімді байқап, кездесуге шақырды. Кездесу барысында арнайы емтиханнан өтсем М.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына оқуға түсетінімді айтты. Сонымен не керек, емтиханда жоғары нәтиже көрсетіп, аталған институтта 6 жыл оқыдым. Кейіннен 1988 жылы КСРО көркемсурет академиясының аспирантурасын тәмамдадым. Оқуда жүріп сурет салудың нағыз керекті қырларын үйрендім. Танымал суретшілерді, атақты өнер адамдарын бірте-бірте тани бастадым. Осылайша алғашқы қадамдарым нық басылды. Өзімнің көрмелерімді Алматы, Тараз қалаларында өткіздім. Оқуда жүрген кезімде дүнген халқының тарихын тереңнен зерттеп, тың ақпараттарды іздей бастадым. Зерттеу нәтижесінде Мағазы Масанчы батырдың ұлы тұлға екендігін, оның Ленинмен кездескендігін оқып, сол оқиғаны қағазға түсірдім. Бұл картина Мәскеудегі Ленин мұражайында әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Шынында маған мұндай суреттерді салғанға қарағанда қарапайым адамдарды, табиғатты, ауылдың көрінісін салған қатты ұнайды. Себебі балалық шағым ауылда өтті. Оқуымды аяқтауға жақын қалғанда ауылымызға Дінмұхамед Қонаев көп келіп жүрді. Сол кезде маған Қонаевтың ауылға келген кезіндегі суретін салу туралы ұсыныс әрі тапсырма келіп, суретін жоғары деңгейде салып бердім. Өзі де риза болды. Мәскеуде бірнеше көрмеде болдым. Өзімнің де туындыларымды ел назарына ұсынып жүрдім. Көп адамдар «Сен өзіңнің Таразыңды, ауылыңды жақсы көресің, ауыл жайлы көп сурет саласың, бізге де сондай туындыларыңды әкеліп берші» деді. Мен ауылға келіп, көрген оқиғаларды қағазға түсіріп, Мәскеуге апарып жүрдім. Олар сатып алатын. Бір күні ауылға барғанымда балалар футбол ойнап шаршап отыр, ал бір бала есек үстінде ұйықтап бара жатты. Мен осы оқиғаны қағазға түсіріп, суретін салып, туындымды Мәскеуге апарғанымда барлығы қызыға қарады. Сөйтіп әлемдегі ең танымал мұражай бұл туындыны жоғары бағалады. Сол уақытта әлемдегі үздік мұражайлар 13 туындымды қымбат бағаға сатып алды. Сөйтіп бірте-бірте дами бастадым. Халықаралық көрмелерге шақыра бастады. Қытайда бірнеше рет көрмемді жасадым.Коронавирус індетіне дейін Қытай ұлттық университетінде профессор болдым. Студенттеріне кескіндемеден сабақ бердім. Қытайлықтар еуропалық суретшілерді, олардың ерекшеліктерін де мойындамады. Олардың өз мектептері болды. Негізінде ең алғашында шеберлік сабағын өткізген едім. Кейіннен қызмет жасау туралы ұсыныс білдірді. Сөйтіп 4 жылдық қызмет барысында Қытай тілін де үйрендім, – деген Мұхамед-Омар Сализұлы Аспанасты елінде бірнеше рет көрмесін өткізіп, Қытайдың үздік 10 суретшісінің қатарына енгенін айтты.

Суретші осы уақытқа дейін Бішкек, Мәскеу, Қытай, Иран, Сауд Арабиясы және еліміздің бірнеше қаласында жеке көрмесін өткізген.

Әлемді мойындатып жүрген Мұхамед-Омар Сализұлына шығармашылық табыс тілейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.