Депутат: Әлемде тез таралатын өте қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиясы байқалып отыр
Сенатта биологиялық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды. Депутат Андрей Лукин отырыс барысында әлемде тез таралатын өте қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиясы байқалып отырғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша отырыс өткізді. Комитет төрағасы Андрей Лукин отырыс басында биологиялық қауіпсіздік халықтың денсаулығы мен еліміздің экономикалық әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол бақылау жүйесін жаңғырту, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталды. «Биологиялық қауіпсіздік әлем қауымдастығына маңызды мәселе болып отыр, ол еліміз халқының экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқатына да тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары әлемдік кеңістікте тез таралатын, халықтың денсаулығы мен ел экономикасына зиян келтіретін өте қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиясы байқалуда. Сонымен қатар қазіргі жағдайда террористік топтар тарапынан биологиялық қаруды қолдану қаупі мен халықаралық көлік дәліздері арқылы ерекше қауіпті инфекцияның келу қаупі бар. Осы мәселелерді құзыретті органдарымыз тұрақты бақылауда ұстауға тиіс», – деді Андрей Лукин. Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов отырыс барысында еліміздің Қарулы Күштерінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары аясында биологиялық қауіптерді басқару әдістемесі мен 2024–2025 жылдарға арналған тиісті жоспарды әзірленгені туралы айтты. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев отандық вакциналар өндірісін арттыру, заманауи технологияны енгізу және ерекше қауіпті инфекцияларға қатысты ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Отырыс барысында отандық вакцина өндірісін дамыту, зертханаларды жаңғырту және білікті мамандар даярлау негізгі басымдықтар қатарына жататыны айтылды. Еске салсақ, бұған дейін жарқанаттан жұғатын жаңа коронавирус туралы ресми ақпарат жоқ екені туралы жазған едік.
Автор: Жұлдыз Кенжегалиева