Еліміздің 5 қаласында ауа сапасы нашарлады
Метеорологиялық жағдайдың әсерінен Алматы, Қарағанды, Риддер, Семей және Өскемен қалаларында ауа сапасы нашарлады. Бүгін желдің болмауы нәтижесінде атмосфераның ластануы күшейген. Сондықтан мамандар жүкті әйелдерге, тыныс жолында созылмалы аурулары бар және жүрегі нашар жандарға ұзақ уақыт далада серуендеуден бас тартуды ұсынды. «Ал дене шынықтырумен жабық кешендерде айналысқан жөн», – дейді. Қарағанды қаласында аспанды көк түтін тұмшалап тұр. «Бұған өндіріс орындарының бір-біріне жақын орналасуы және зиянды қалдықтарды азайту бойынша жұмыстардың баяу жүріп жатқаны да сеп болып отыр», – дейді экологтар. Сонымен қатар жер үйлерден шығатын түтін де ауаны қосымша ластайды. Дмитрий Калмыков, эколог: — Ауаны ластайтын кәсіпорындар мен жеке үйлер. Жел болмаса, олардың түтіні қаланы басып кетеді. Мұндай жағдайда метерологиялық ескерту жасаумен ғана шектелеміз. Бірақ бұған желдің болмауы себеп емес. Себеп өзімізде. Кәсіпорындардың ауаға шығаратын қалдығын азайтуымыз керек. Оған қатысты айыппұл өсіріліп, заң күшейтілуі тиіс. Жеке үйлер мен зауыттарды газға көшіруді жеделдеткен жөн. Елдің шығысында да осындай жағдай. Өскемен мен Семей өңірінде 15 күннен бері жел соқпай тұр. «Бұл Моңғолоиядан келген антициклонның әсері», – дейді мамандар. Қазірдің өзінде көміртек оксиді, хлор сутегі мен күкіртсутек шекті мөлшерден үш есеге асып кеткен. Күн райының қолайсыздығынан оқушылар қашықтан оқуға ауысуы мүмкін. Любовь Бухтоярова, облыстық «Қазгидромет» РМК бөлімінің басшысы: — Өңірде 15 күндей желсіз ауа райы сақталып тұр. Ақпанның аяғына қарай оңтүстік циклонның әсерінен ауа температурасы көтеріліп, қар жаууы ықтимал. Жел де күшейеді. Қолайсыз метеорологиялық жағдай әлі сақталады. Синоптиктер ақпан айының соңында ауа температурасы көтеріледі деп болжам жасап отыр. «Ал оған дейін ұзақ уақыт бойы далада жүрмеген жөн», – дейді мамандар.
Автор: Рүстем Қайратұлы
24.kz