Шекара аспай «шетелде» оқу: Өңірлерде университет филиалдары көбейеді
Президент пәрмен бергелі елде шетелдік университеттердің филиалын ашу белең алғаны белгілі. Бұған дейін 20-дан астам өкілдік құрылса, биыл 11 филиал ашылуға тиіс. Білім беру саласындағы мұндай үрдіс салаға қалай әсер етеді, еңбек нарығында нендей өзгеріс болуы ықтимал?
Алдымен елдегі шетелдік университет өкілдіктерін санамалайық. Қазіргідей белсенді жүргізілмесе де үрдіс бұрыннан бар-тын. 2021 жылға дейін министрлік Қазақстанға 4 университетті әкелгенін білеміз. Олардың қатарында Мәскеу авиация институты, Челябі мемлекеттік университеті, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және «Сорбонна – Қазақстан» институты болды.
Кейін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін шетелдік жетекші университеттердің кемінде бес филиалын ашу керек деген болатын. Министрлік тапсырманы артығымен орындап, бүгінде 20-дан астам жобаны жүзеге асырды. ЖОО өкілдігінен бөлек қос диплом бағдарламасын қоса атқарған.