Жеңісті Рейхстагта қарсы алған майдангер Әсет Кемпіреков туралы сыр

0 3

Жеңістің 80 жылдық мерекесіне арналған кезекті әңгіме – Жеңіс күнін Рейхстагта қарсы алып, Рахымжан Қошқарбаевқа жол салған жамбылдық Әсет Кемпіреков жайында болмақ. Майдан көрген ұлағатты ұстаздың тәлімін алу бағы маған да бұйырған еді. Балалық шағымызда ол кісінің үйіне «ата-апалап» жиі бардық. Ол кезде біз атамыздың соғысқа қатысқанын білсек те, «соғыс» дегеннің не екенін ұқпағанымыз хақ. Даңғойлығының жоқтығынан ба, әлде ашаршылықтағы, соғыстағы қасіретті, соғыстан кейінгі елдегі бейнетті көзбен көріп, сол кезеңді елмен бірге өткергеннен бе, өскелең ұрпаққа тек жақсылық пен бақытты сәттердің себепшісі болуға тырысқандай. Біз үшін ол ең мейірімді, ұрсуды білмейтін, қабақ шытпайтын, балаларды тек қуантып, еркелетуге әзір тұратын, үйдің тәртібін жай сөзбен, жүрісімен ғана ұқтыратын атамыз болды. Расында ол кісіні сол қалпында қабылдауымыздың бірден-бір себепшісі – асыл жары Тұрсынкүл апамыз еді.

Оларды ойға алғанда шағын үйінде бір қылпығы көрінбейтін мұнтаздай тазалық, үйге кіргендегі қымыз бен қызғылтым түсті жаңа барқыт төсек жапқыштың, перденің иісі әлі күнге дейін есімде қайта жаңғырып тұратыны бар. Сол бейне алаңсыз балалық шақтың елесін беретіндей.

Тазалыққа құмарлық тұрмыс-тіршілігімен қатар адами болмысына да ұран болды. Содан да ауылға сыйлы, қадірлі еді. Әлі күнге дейін көз көргендер, кейінгі ұрпақ майдангердің адами ерлігін бір сәт естен шығарған емес. Соның бір дәлелі туған ауылында осыдан екі жыл бұрын майдангердің 100 жылдық тойын ел болып атап өтуі.

2005-2006 жылдары жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет майдангер Әсет Кемпірековпен сұхбаттасып, ол жайында былай деген екен: «Жасы тоқсанды алқымдап қалса да, оның бойындағы қайрат пен қайсарлықты жазбай тануға болады. Сөзі мығым, ойы анық. Сабырлы, салиқалы. Қызылшырайлы жүзі ашаң тарта бастағанын қарттықтың белесі ретінде таныдық. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары басынан өткізген оқиғалар туралы, есінде қалған қаруластары жайлы суреттеп, асықпай-аптықпай әңгімелеуде. Соғысқа дейін осы Қаракемерде мектептің 9-сыныбын бітіргенін, одан кейін Көкшетауда полк мектебінде оқығанын да әңгіме өзегіне айналдырды».

Ол сұхбатта майданның соңғы күндері, Рейхстагқа шабуыл кезінде болған оқиғалармен қатар қырық жылдан кейінгі қарулас достардың Мәскеуде жолығуы, Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі баяндалады. Бүгін оның бәрі де ертегі сыңайлы. Өйткені, Жеңістің 80 жылдық мерейтойында бір Жамбыл өңірінің өзінен көзі тірі 6-ақ майдангердің қалғаны хабарланды. Яғни, Ұлы Отан соғысын көзбен көрген алтау… Бұдан кейінгі жеңісті жылдарды тірі қарсы алатыны болады ма, жоқ па, екіталай?! Ғасыр өтіп барады. Өмірдің заңдылығы. Ендігі естеліктер майдан турасында емес, сол майданды көрген азаматтар жайында айтылады. Себебі, тарих өз парағын келесі бетке алмастырды.

***

1947 жылы Әсет Кемпіреков майданнан оралғаннан кейін ұзақ жылдар ұстаз болды. Білім алды. 20 жылдай мектеп директоры қызметін атқарды. СССР мен Қазақстанның оқу ісінің үздігі, республикаға еңбегі сіңген мұғалім атанды.

Ұстаздық деген – ұлы жол. Қаншама адамның шырағын жағып, жолын ашуға мүмкіндік беретін қасиетті мамандық. Бір ауылдың өзінен жақсы ұстаздың тәлімін алғандар аз емес…

Ұлы Отан соғысының ардагері Әсет Кемпірековтің қызы Орал Әсетқызы да, оның ұлы мен немерелері ата жолын жалғай ұстаздық мамандықты таңдады. Бірі – математик, бірі – тарихшы, енді бірі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі… Қызығы, Әсет атамыздың әкесі де кезінде осы ұлағатты жолды таңдап, молда бола жүріп, ауыл балаларының сауатын ашуға көп үлесін қосқан екен. Олай болса, мұны династиялық мамандық деумен қатар, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі деген де орынды шығар.

Мерекелі жылы батыр туралы сөз айтпай кету мүмкін емес. Бірақ майдангер әке туралы естелік айту Орал әпкеміз үшін сағыныштың көз жасымен келді. Оны да оқи отырыңыз.

***

Орал ӘСЕТҚЫЗЫ, майдангердің қызы, ардагер ұстаз:

– Әкеміз елге сыйлы, құрметті адам болғаннан кейін сол әкенің абыройына лайықты болуға тырыстық. Істеген ісіміз де, жүрісіміз де, сөзіміз де тиянақты болсын деп барымызды салдық. Тіпті, киер киімімізді де ұқыптап, сынға қалмайық, ата-анамызға ұятты сөз келтірмейік деген міндет болды. Өскенде де тура жолдан айнымай, еңбек жолында жейтін нанымызды маңдай терімізбен тауып, барынша адалынан өмір сүруді қаладық. Бұл – бала кезден әке мен ананың берген өнегесінен еді.

Әкем ұстаздық жолдан мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Одан да биігірек қызметке ұсыныстар болғанымен, әкеміз ауылдан, ағайыннан, бауырдан жырақ кеткісі келмеді. Оның үстіне атақ пен абыройға деген құмарлығы да жоқ етін. Біз ес білгелі ауыл мектебінің директоры болды. Шағын ғана ауылдың балалары білім алу үшін бірнеше шақырым жол жүріп сандалмасын, ауылдың баласы сапалы білімге қол жеткізіп, жақсы жағдайдың бәрі өзімізде болса деген тілегімен бар мүмкіндігін салуға тырысты. Онысы жемісті де болды. Әрине, қызмет болған соң түрлі жағдай болады. Арыз да жазылады, түсінбеген кей адам пендешілікпен жала да жабады. Дегенмен, ақтың аты ақ емес пе?! Құдайдың жақ болуымен ондайды да өткерді. Жау алыстан келмейтіні белгілі ғой. Турасын айтқанда, жазатын да өз ағайының. Елден естігенде, мені ашу қысатын. Еркелеу өскен соң, көңілшектігім ұстап қалатын. Ал, әкем болса, артын қудаламай, кешіріммен қарап, кеңдік танытатын. Дастарқан басында қауышып, зілінің жоғын да ым-ишарамен білдіруші еді, жарықтық.

Әрине, әкемнің қызметінің жүйелі, тіршілігінің тынымды болуының артында әрдайым анам тұратын. Мал-жайын жайғап, бала-шағасын мұнтаздай етіп, үйіне келген қонағын баптап, бір ауыз артық сөз айтпастан әйелдік ұлы қызметті атқарды. Қазір жиі айтамыз ғой «әр жетістікке жеткен ердің артынды бір мықты әйел тұрады» деп. Анам да сондай жанның бірі болды десем, қателеспеймін. Еріне адал серік болды. Үйінде береке-бірлігі жоқ, тыныштығы жоқ ер азаматтың түзде жолы болады дегенге күмәнім бар.

Бүгінде балалық шағымды еске ала отырып, ағайынның ауызбіршілігін де сақтайтын аналарымыз екеніне көзім анық жетеді. Өзіміз де сол үлгімен ел болдық емес пе?! Шүкір…

Балалық шақтан еске оралатыны – елмен бірге әкемнің де ерте көктемде, бие байлатып, қымыз ішкенді жақсы көретіні. Ол кездері көктемде ел сазға жиналып, құлындаған биелерін көкке жайып, желі тартып, оған май жағып, дәстүрден алшақтамай қымызмұрындық беретін. Кәдімгі мәре-сәре болатын мереке еді. Ағайын-туыс басы қосылып, бір-біріне қол ұшын беріп, білмегенді үйрететін. Бие байлайтын кезімізде әкемізге үнемі Базан көкеміз көмекке келуші еді.

Біздің үй жайлауға жақынырақ тұста болған соң ба, шуақты күндері ауылдың үлкендері ары-бері өткенде үйге соқпай қайтпайтын. Бір демалып алып, әрмен қарай жолын жалғаушы еді. Ал, шешем бал қымызын сапырып, таң азанымен дәмді тоқашын дастарқанға қоятын. Бар марапаты – елден естіген мақтауы мен алғысы. Одан артығын қажет те етпейтін.

Әкемнің балаға деген мейірімін есейіп, үйден ұзап кеткенде де көп көрдім. Алдында Жаңатаста тұрдық, кейін тоқсаныншы жылдары Таразға көшіп келіп, осындағы №21 мектепте жұмыс істедім. Сонда әкем жиі келіп тұратын. Төменнен кезекшіден «әкеңіз келіп тұр» деген хабар келеді. Төменге түссем, маңдайымнан иіскеп, сүйіп, мейірін төгіп, маған деген тәтті-пәттісін әкеліп, бір ауыз «жағдайың қалай, қызым» деуші еді. Сонда менен бақытты адам жоқтай болатын. Өйткені, өзің бірталай жасқа келіп тұрсаң да, еркелететін, басыңнан сипап қамқор болатын әке-шешеңнің барында, өзіңді бір сәт болса да бала сезінуге мүмкіндігің бар. Ол керемет сезім емес пе?!

Отбасында бір қыз едім. Тұрмысқа шыққанымда көпбалалы ортаға келін болдым. Оның үстіне Жаңатаста едік, жолдасым ішкі істер қызметінде болды. Сонда біраз қиналғаным бар. Сол бір кезеңдерде көп нәрсені қабағымнан ұғатын әкем артық сөз айтқызбастан, барған сайын кіргеннен бастап-ақ ата-енемді, барған жұртымды, жолдасымды кереметтей мақтай бастайтын. Өзіме үлгі етіп айтатын. Сонда әкемнен естіген жақсы сөзге иланып, баяғы үйренісе алмай жүрген ойымды тарқатып, мәз болып қайтушы едім. Отбасы болған соң, жаңа үйге барған соң бастапқыда жатырқау болатыны анық. Бірақ соны жеңіп, үйренісу де әйелдің үлкен ерлігінің бірі. Маған сол ерлікті жасауға майдангер әкемнің тәлімі жәрдем болды. Меніңше, қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана қазір сондай даналықтың кенін бойына жиып, дер кезінде қызына да тоқтам айтқаны жөн-ау. Сабыр деген үлкен мағыналы ұғым. Оны көбі үстіртін мағынада қабылдайды. Терең мәнін ұққанда ғана менің жоғарыда айтқанымды жанымен сезінеді. Сол сабырлықтың кені әкемде болды.

Соғыста қан кешіп, бел ортасында болды. Дегенмен, ол жайын көп айтқанды ұнатпайтын. Бірақ майдандас достарының ерлігін, олар туралы жиі айтты. Мүмкіндігінше көп кездесіп тұруға тырысатын. Көп айтылғаннан қазір есімде қалғаны шамалы. Дегенмен, мына бір нәрсе ойыма оралып тұрғаны. Әкем халықтың батыры Рахымжан Қошқарбаевты ерекше құрметтеді. Олар соғысқа бірге аттанды ғой. Бішкек қаласында әскери училищеде бірге оқып, майданда бірге болып, Жеңіс туын Рейхстагта тігуге де бірге қатысты. Оны нағыз батыр деп қарулас досы туралы рахаттана әңгімелейтін. Тәуелсіздік жылдарында досына «Халық қаһарманы» атағы берілсе деп билікке біраз хат жазып, жүгіргені де есімде. Түрлі құжаттар мен суреттер жинап, сол бір іс жүзеге асса деп тіледі. Ал, сол атақ нағыз лайықты адамына берілгенде, төбесі көкке жеткендей қуанды.

Олардың ерлігін Берлинде солдаттарын Рейхстагқа бастап барған полк командирі Федор Зинченко уақыт өте келе «Герои штурма Рейхстага» деген кітабында жазды. Сол кітап жеңісті жақындатқан солдаттарға мәңгілік естелік болды.

Қатарында әкем болған Ф.Зинченконың полкіне 27 сәуір күні «Рейхстагқа ту тігу құрметі бізге берілді. Жолды тазалаңдар!» деген бұйрық келді. Сондағы әкемнің еске алатыны: «Жеңіспен бірге бізде бір ғана ой болды. Ол осыншама жолды артта қалдырып, қаншама жыл күткен жеңіске табан тірегенімізде, аман қалсақ деген арман еді. Жеңіске жақындаған сайын ол да алыстай береді ме, әйтеуір айтатыны әр жүрген қадамымыз алтынға пара-пар еді. Мүмкіндігінше әскери тәртіптен ауытқымай, бұйрықты бұлжытпай орындап, алға жылжуға тырыстық. Аман қалуымыздың кепілі де бұйрықты ұжымдаса, бір-бірімізге қорған бола отырып орындауымда болатын» дейтін.

Не керек, әкем сол шайқаста басынан жарақат алды. 8 ай госпитальда болып, кейіннен Рейхстагтағы ерлігі үшін марапатты полк командирінің өзі табыстады. Тіпті, әкемді Совет Одағының Батыры атағына да ұсынған. Бірақ ол бұйырмаған екен… Оған әкем де өкініш білдірген емес. Өйткені, ол атақ алдымен Рахымжанға берілуі керек деп есептейтін. Досы туралы әңгімелердің ішінде 1985 жылы 9 мамырда Мәскеуге барғандары жайлы жиі айтатын еді. Жеңістің 40 жылдығында Мәскеуде Қызыл алаңда парадты қызықтап тұрғандарында, Рақымжан Қошқарбаевтың кейіген даусы шығып, Егоров пен Кантарияның алдынан жұлып алып, 150-ші дивизияның туын парад біткенше ұстап тұрған екен. Бұл көріністің суреті де бар. Бір қызығы, Рақымжанның әрекетіне дивизия командирі, ол кезде генерал-полковник болатын Шатилов та, Кантария да, басқалар да үн қатпаған екен. Әкем «Рақымжан шынында да батыр еді. Бірақ оның батырлығы өте кеш мойындалды» дейтін.

Майданда әкем Рахымжан Қошқарбаевтың жолын ашуға тырысып, бірін-бірі сақтандырғанын да айтушы еді. Сондағы батырдың бір ғана өкініші әкемнің де жанына бататын. 1945 жылы 30 сәуір күні Рейхстагтың екінші қабатына Жеңіс туын тігу үшін көтерілгенінде, оның аяғына оқ тиіп, одан ары жылжи алмай, Егоров пен Кантарияны бір топ автоматшылар қорғап, жанынан өте шыққан. Әрине, сол кездегі бұйрықтың күші ғой. Әйтпесе, сол Рейхстагтың жолындағы қызыл тудың бірін бірінші болып Рахымжан Қошқарбаев тіккен екен. Бұл жайлы кейін талай рет жазылды да, айтылды да. Бірақ мен үшін сол оқиғаны әкемнің аузынан есту ерекше әсер беретін. Ал, өзі ше?! Өзі сол ерліктің жүзеге асуы үшін алғырлық пен шапшаңдық танытып, өзінің взводын Шпрее каналынан алға өтуге бастап, өзінен кейінгілерге Рейхстагқа жетуге жол ашты ғой. Ол дәл сол сәттегі ең үлкен ерлігі болды. Кейде дер кезінде адамдардың алға ұмтылуына, оларға серпіліс, үміт беруінің өзі ең үлкен ерлік болатыны бар. Бұл жеңіске жетуден де маңызды! Менің әкем соғыстан сол ойды түйіндеп келгендей. Өйткені, соғыстан кейінгі ұстаздық жолында да талай жастың «жеңіске» жетуіне жол салды.

Қазақта «Жақсы әкенің көлеңкесі де балаға көпір» деген сөз бар. Сол «көпір» әлі күнге дейін өзінен тараған ұрпағына шамшырақтай жол ашып тұратын сияқты. Әкемнің көзін көріп, шапағатын сезінген адамдар әлі күнге дейін сөзімен болса да жанымызды демеп отырады. Одан асқан жанға рахат бар ма?!

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.