Қазақстандық спорт шебері – АҚШ-та құрметті төреші
Қазақстандық тхэквондо маманы, тәжірибелі бапкер, 4-дан қара белбеу иегері және Қазақстан Республикасының спорт шебері ДосжанСатенов АҚШ-та өткен “Texas Cup 2024 International Championships” әлем чемпионатында өз шеберлігін көрсетті. Ол жарыста төрешілік етіп, әділдігімен, жоғары кәсіби деңгейімен танылды.
Аталған жарыс әлемдік деңгейдегі беделді турнирлердің бірі болып табылады, онда әртүрлі елдерден келген спортшылар бақ сынасты. Төрешілерге қойылатын талаптар өте жоғары, себебі әрбір шешім спортшылардың тағдырына әсер етеді. Сатенов Досжан бұл сыннан сүрінбей өтіп, өзінің төрешілік қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарысты ұйымдастырушы, Дүниежүзілік тхэквондо кеңесінің (WT Council) мүшесі Ким Сион оның еңбегін жоғары бағалап, алғыс хат табыстады. Бұл – тек қазақстандық тхэквондо қауымдастығы үшін ғана емес, жалпы еліміздің спорт саласы үшін үлкен мәртебе.
Сатенов Досжан бұған дейін де Қазақстанда және халықаралық ареналарда спортшыларды жаттықтырып, төрешілік етіп жүрген білікті маман. Оның АҚШ-тағы осындай беделді жарыста төрелік етуі – Қазақстандық тхэквондо мектебінің жоғары деңгейде екенін тағы бір рет дәлелдейді.
Бұл жетістік алдағы уақытта еліміздегі тхэквондо спортының дамуына оң әсер етіп, жас спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, “Texas Cup 2024” жарысынан кейін ұйымдастырушылар Сатенов Досжанға 2025 жылдың 6-7 сәуірінде Даллас қаласында өтетін “Dallas Open 2025” әлем чемпионатына төрешілік етуге ресми шақырту жіберді. Бұл оның халықаралық төрешілік деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте айғақтайды.