Ертеде өткен Бұхар жырау бабадан қалған, кейін халқына нақыл болып кеткен мынандай үлгілі сөз бар:
Өзек қуа ағады,
Өзен-судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
Осы ақылды сөздің астарында сәлемдесудің қазақ салтындағы қағидалары жатыр. Олай дейтінім, қазақтар көзіне көзі түскен жерден оң қолын жүрек тұсына басып: «Ассалаумағалейкүм!»– деп дауыстап сәлем береді де, ұмытылып келіп, қос қолын бірдей ұсынады. Көзге көз түсіп, жанарларымен ұшырасқанда адамның көңілі жібіп, мейірі түседі. Қолды жүрек тұсына қоюы – «мен сізге шын жүректен амандық тілеймін», «Алланың сәлемін жүрегімнен жолдаймын» деген ниетті білдіргені. «Ассалаумағалайкүм» дегеннің өзі «сізге Алланың сәлемі болсын» деген мағынаны білдіреді ғой. Ал екі қолды бірдей ұсынып сәлемдесудің өзіндік мәні бар. Қос алақан арқылы жан жылуын амандасқан адамына жеткізеді, оның жылуын өзі қабылдайды. Арада мейірбандық оянады. Сонымен қатар қос қолдап есендесу – құрметтің, ізеттің белгісі. Менің бала кезімде біздің қазақтар бір қолмен сәлемдеспейтін. Арагідік кездесе қалса, ол адамды менсінбеу, өзімен тең көрмеу ретінде қабылданатын. Ондайда қайсыбір тік мінезді адамдар: «Немене қолың сынып қалды ма?»– деп қақ маңдайдан ұрғандай сілейтетін немесе қолын қағып жіберетін. Әрине, қазір ешкім ондай түрпі мінез көрсетпейді. Ол өрескелдік, тұрпайылық болып көрінер еді. Бір қолмен амандасу басқа жақтан келгенімен бойымызға жіксіз сіңіп, әбден дағдыға айналып кеткен. Дегенмен қос қолды тең ұсынып, құрмет, ізет көрсету – ата дәстүріміз. Мұны ұмытпағанымыз жөн.
Зейнеп Ахметова