Шаң қаптырмас шабандоз
Қазақтың арда ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың қазақ поэзиясында орны бөлек екені барша оқырман қауымға аян. Сарыарқаның сарала жонында ақ селеуін самал тербеген, майлы көдесін киік тебіндеген Жаңарқа жері ақын туған ғажайып мекен. Осы өңірде жатқа қимас балалық шағы мен аламанға түсер жігіттік жалаңтөс күндері өтті. Беймаза сезім билеулі арда көңіл сұлу Арқаның сырбаз ұлын жастайынан жырға құмар, бесті бәйгеге құштар қылғаны анық. Бала кезінде аламан бәйгеге шапқан шабандоз, тіпті ауылдас кластастарымен бірге күреске қатысып, балуан білекті жігіттермен кілемге қатар түскенін бүгінгі жұрт біле бермейді.
Сарша тамыз түсті Сарырқаның кіндігі тектес болып көрінетін Жаңарқа өңірі елімізге әйгілі спорт түрі самбодан Қанат Байшолақов сияқты біртуар саңлақты берген киелі топырақ қой… Осы өңірден аңызға айналған Битабар балуан шыққаны Алашқа мәлім. Ал Алаштың сұңқардай сұлу ақыны Сәкен Сейфуллинді кім жатсынады, ол да осы киелі топырақта туған.
Балалық шақтың балдәурен күндері Бетпақдаламен ұштасып жатқан Арқаның керімсал самалды, Жеңістің саумал қымызды жұпар өлкесінде өткен Ғалым Жайлыбайға сері де қайраткер Сәкен ағасындай ақын болмасқа қақысы да жоқтай… Бәлкім, балалық арманмен «Бандыны қуған Хамит» балуандай сыныптастарына еріп күреске барғаны да содан шығар. Сәкен серінің сөз шалығы ғана емес, бала кезінен сері ақынның шабандоз атқұмарлығы қамшыдай тигені тағы рас болар.
Ұлы Бетпақдаланың «Өлке» атандырып алған ішкі өңірінде сол кездегі Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Қарағанды облыстары ұлы бәйге мен ұлан күрес ұйымдастырып жатушы еді. Сол 32 шақырым мен 27 шақырымға созылатын аламан бәйгелерде бала Ғалым шабондоз болып атқа шабатын. Жүйрікпен бірге көзінен жас саулап, аттың көзін сүрткен шүберекпен өз жанарыңды да сүртіп қойып, алды-артыңа көз тігіп, ұшқан құстай заулайсың. Аламанға ат қойып, таралғысыз тақымға жабу салып, жүйріктің өкпесі өшер жарыста жас өкпесі қоса қысылатын… «Жаңарқалап» жаныға айқайлап, бармақтай бала қамшысын үйіріп қарақшыдан өтуші еді-ау!.. Ол да бір тілмен айтып жеткізе алмас эмоция мен әлем әсер, шексіз ләззат!
Ал бүгінгі күні ауылда асау тай үйрететін бала жоқ. Бала бар, бірақ тай үйрете алмайды… Мұндай сұмдықты кім естіген?! Ауылдағы спорттың ғажайып түрі – осы тай үйрету еді ғой біле білгенге! Енді қолтелефон шұқылаумен күнін батырып, таңын атырып, денсаулықтан айырылуда бала біткен.
Асқар Алтай