Тегін қария емес (Әбдрахым Жаймурзиннің әңгімесі)
Жамбылға қонақ көп келетін. Келген қонақтарын жөндеп қабылдасын деп өкімет Жәкеңе 200 қой бөліп берген. Күзде, қозы піскенде Жәкеңнің үйіне қонақтар келгіштей бастайды. Ет жеп, әңгіме-дүкен құрады.
– Ау, Жәке, көпті көрген адамсыз ғой, — дейді біреуі. – Баяғы хан, батырларды болса да білмейміз. Ал, сіз сол қазақтардың ішінде ең мықтысы, бірегейі деп кімді атар едіңіз?
Жәкең біраз ойланып:
– Құнанбайдан артығы болмас, — депті.
– Қалайша?! – деп таң қалыпты жазушылар. – Абайды қайда қоясыз?
– Е, Құнанбай сияқты әкеден Абай туады да,– депті Жамбыл.
Кейінірек жаңағы топ сауалды Мұхаңа (Әуезовке) да қояды. Мұхаң іркілмей:
– Абай! – деп жауап береді.
– Жоқ, Мұха, олай емес екен. Жәкең басқаша жауап берді.
– Пәлі! Не депті сонда?
– Құнанбай депті.
Мұхаң үндемей ойланып қалыпты. Сонсоң:
– Иә, тегін қария емес екен… – депті.
Герольд Бельгердің «Мұнар тау» кітабынан.