Ат жалын тартып мінетін балалардың саны Сарысуда да көбейеді
Адамзат өркениетінің дамуына жылқының қосқан үлесі ұшаң-теңіз. Ал қазақ ат десе, ішкен асын жерге қояды. Тіпті жылқының дүбірінен делебе қозып, Алаштың жұрты алқынып, айқайға басып тұрады. Енді ат жалын тартып мінетін балалардың саны Сарысуда да көбейеді.
Өйткені жуырда ғана ауданға басшы болып келген Марат Сұлтанғалиев саяси жұмыстармен қатар салауатты өмір салтын қолдайтындығын бірден білдірді.
Көлікке мініп жүйткігеннен гөрі жаяу жүріп, кабинетте отырып шалқайғаннан гөрі елмен етене араласуды алға қойды.
Міне, бүгін таңертең сенбілікке қатысып, білек түріп тазалыққа атсалысты.
Санитарлық сақтық шараларын ұстана отырып, басшыларды көліктен түсіріп, атқа отырғызды.
Мұндағы мақсатын аудан басшысы былай түсіндірді.
— Атқа міну мәдениетінің ертеден басталғаны жөнінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылғаны мәлім.
«Жылқы малы қазақ халқының өмірімен бір жасасып келе жатқан жануар десек, қателеспейміз. Атқа міну, оны баптау туралы мақалада жақсы тұжырым жасалған. Ақын Қадыр Мырза Әлидің: «Атқа деген құмарлығы халқымның, машинаға көшсе керек бүгінде» деген өлең жолдарында айтылғандай, бүгінде атқа құмарлықты, баптауды әлсіретіп алғанымыз анық.
Абайдың «Аттың сыны» өлеңінде жүйрік аттың қалай болатыны сипатталған. «Атың жақсы болса, тірі дүниенің шуағы, балаң жақсы болса, екі көзіңнің шырағы», дегендей, әр қазақ атқа мінуді, қолдануды, қыр-сырын білуі тиіс деп білемін.
Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ұлы дала жылқысының даңқы жарқырайтын кезең туды деп есептеймін. Атқа мінген қазақтың рухы мықты болады.
Ендеше, ұлттық рухымызға сай болып, Жастар жылында ғана емес, одан кейін де аянбай еңбек етіп, алдыңғы шептен табылып, еліміздің дамуына жастық жалынмен үлес қосу — біздің де басты міндетіміз деп білемін.
Ұлы дала төрінде тарихы тереңде жатқан атқа міну мәдениеті бүгінде спорт пен салт-дәстүрден бөлек, дертке шипа екені де дәлелденген.
Сондықтан көкпар мен аударыспақ, теңге ілу мен жамбы атуды аудан төңірегінде қалыптастыруымыз қажет,-дейді аудан басшысы Марат Сұлтанғалиев.
Олай болса іске сәт, дені сау ұрпақ біздің болашағымыз.
Індеттің алдын ала отырып, салауатты өмір салтын ұстануға көшкен Сарысулықтар ісі көпке үлгі боларлық…
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы