Тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында «…Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деп отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту туралы құқық қорғау органдарына нақты тапсырма берген болатын.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде жылына 20 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болады. Оған әр отбасындағы себеп те, салдар да көп. Дәл қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар арасындағыотбасылық мәселенің бірі — ер-азаматтардың ішімдікке тәуелділігі салдарынан талай шаңырақ шайқалып, балалар зардап шегуде, тіпті кей жағдайларда ауыр қылмыстың орын алуына әкеліп соғуда.
Елімізде ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру құқық бұзушылықтары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске бірнеше рет ауыстырылды. Бұл әкімшілік жауапкершілік шеңберінде осы құқық бұзушылықтардың анықталуын арттырды.
Жыл сайын полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан аса шағым түседі екен. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан аса шағым түскен.
БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел қарым-қатынастағы ер адамның қолынан қаза табады.
Әрбір әйел – отбасының ұйытқысы. Өкінішке орай, қазіргі уақытта әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттері жиі орын алуда. Оған отбасындағы әйелге былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және ұрып-соғу, соның салдарынан тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер санының азаймауы дәлел.
2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған.
Президенттің тапсырмасымен Парламент депутаттары Қылмыстық Кодекске тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық өзгерістер енгізді.
2024жылы 28 ақпанда Мәжіліс мақұлдаған Заң жобасына сай, педофилия және баланы өлтіру қылмысына өмір бойына соттау жазасы белгіленеді.Құжатта денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр залал келтіруге енді қылмыстық жаза қарастырылған.Денсаулыққа орташа зақым келтіргендерді 2 жыл басбостандығынан айыру, ауыр зақым келтіргендерді 3-8 жыл бас бостандығынан айыру көзделеді.
Ал, денсаулыққа жеңіл зақым келтіргені үшін 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу не 50 күнге қамау жазасы,ал қол көтергені үшін 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс немесе 25 күнге қамау тағайындалуы мүмкін.Бұған дейін заңда 15 АЕК (55400 теңге) және 15 күнге қамау жазасы болған еді.
Жанжалдасқан тараптар арасындағы татуласу процедурасы да қатаңдатылған. Қазір тек бір рет қана, оның өзінде сотта ғана татуласуға мүмкіндік беріледі. Ал бұрын татуласу санында шектеу жоқ болатын. Сондай-ақ бұған дейін зәбір көрген адамның өзінен арыз болмаса, полиция іс қозғай алмайтын еді. Соның салдарынан оқиғалардың 60 пайызында жанжалқойлар жазадан құтылып кететін. Енді полиция қызметкері кез келген адамның хабарлауы бойынша оқиға орнында әкімшілік іс қозғай алатын болды.
Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік және экономикалық жағдайы төмен, жұмыссыз, нашар отбасыларда болады деген пікір қалыптасса, албірақ жантүршігерлік жағдайлар мемлекеттік қызметкерлердің, халықты қорғайтын полиция қызметкерлерінің де отбасында орын алуы әбден мүмкін екендігінің дәлелі — қоғамның талқысына түсіп, наразылығын тудырған бірнеше атышулы істер, елді дүрліктірген экс-министр Бишімбаевтің ісі.
Отбасын саналы түрде құрған ер азамат отбасы алдындағы жауапкершілікті сезініп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуі тиіс. Қазақ халқы әйел адамды қашанда құрметтеп, орны ерекше деп бағалаған. Ана деп ардақтап, қарындас деп еркелеткен. Ер-азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз ананы да, баланы да ұрмай-соқпай ақылмен басқара білген.
Мемлекетіміздің негізгі заңы – Конституцияда атап көрсетілгендей, «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды».
Сондықтан әр отбасында шаңырақтың берекесі әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ерлердің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет еткені жөн. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар кімді болса да алаңдатпай қоймасы анық. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі қоғам үшін қашан да маңызды.
Бүгінгі таңда үлгілі отбасын құру, бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық болып еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, қызмет ету – баршамызға ортақ міндет!
Жанар Орынбаева,
Тараз қаласы әкімдігі жанындағы
әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат
жөніндегі комиссияның мүшесі