Арыстан
… Бөріден—
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді,—
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан…
Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады…
Қоян да, түлкі де енді би болады.
Біздің ми сол не айтса иланады.
… Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол—бізді ит пен құсқа қимағаны.
Көз жасы омырауда тарамдалған,—
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.
Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде күңіреніп,
Қайтейін, жоқ қой, бірақ, Арыстаны?!.
10.10.2018 ж.
Серік Ақсұңқарұлы