Көкірекбаев, Тоқмәди: Козачков түрмеде тағы қандай танымал азаматтармен отыр?
Елдос Қоспаев ұйымдастырған қылмыстық топтың рейдерлік әрекеттерін жасауға көмектесті деп айыпталған журналист Михаил Козачков түрмеден хат жолдады, деп хабарлайды Экспресс К.
Журналистің жолдаған хатын Telegram-дағы Dalainside арнасы жариялады. Онда Өскемендегі № 17 түзеу колониясында отырған Михаил Козачков қапастағы өмірі туралы сыр шерткен. Журналистің айтуынша, түрмедегілер тек қазақша сөйлейді екен, сондықтан ол мемлекеттік тілді меңгеру үшін бар күшін салып жатыр.
«Түрменің тілі — қазақ тілі. Қазір тіл үйреніп жатырмын. Мұндағы қауым түгелдей кітап оқиды. Уақыт өткізудің ең ұтымды амалы кітап кеміру. Жанымдағы жігіттермен тіл табысып алдық. Кітаптан бөлек аракідік шахмат ойнаймыз. Туыс-туған жеткізетін ас-суды тең бөлісеміз», — делінген хатта.
Бұдан бөлек журналист түрмеде ескі таныстарын кездестіргенін де жазған.
«Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаевпен ұшырасып қалдық. «Қорғас ісінің» басты куәгері Талғат Махатов пен Қаңтар оқиғасын ушықтырды деген күдікке іліккен, Садақ ату федерациясының төрағасы Азамат Оспанов та осында екен. Менің осында екенімді біліп, дұғай-дұғай сәлем жолдапты. Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі Мұратхан Тоқмади мені көре сала аузынан ақ көбігі ақтарылды. Мені танып жатқандардың қатары көбейіп келеді», — деп жазды Козачков.