«Портал жаптық» дегендер тексеріледі: билер кеңесіне билік шүйлікті

0 49
Қазақстанда өзін «би» немесе «билер кеңесі» деп атайтын ұйымдардың қызметі бақылауға алынбақ. Үкімет олардың кейбірі сот пен құқық қорғау органдарының жұмысына араласып, заңға қайшы әрекеттерге барғанын мәлімдеді. Бұған қоғамда резонанс тудырған даулы рәсімдер мен лицензиясыз «құқықтық көмек» көрсету фактілері себеп болған.
«БИЛЕР КЕҢЕСІ» НЕ ШЕШЕДІ?

Бұл мәселе жақында Мәжілісте де көтерілді. Депутат Нартай Аралбайұлы өзін «билер кеңесі» деп атайтын ұйымдардың мемлекеттік органдардың жұмысына араласа бастағанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, кейбір азаматтар заңгерлік көмек сұрап осындай «билерге» жүгінгенімен, кейін олардың адвокаттық лицензиясы жоқ болып шыққан.

Сонымен қатар депутат қоғамда қызу талқыланған күмәнді рәсім туралы айтты. Өздерін «би» деп таныстырған адамдар ақ боз атты құрбандыққа шалып, осылайша «өзге әлемге ашылған портал жабылды» деп мәлімдеген.

– «Ата-бабамыздың күнәсі кешірілсін» деп ақ боз атты құрбандыққа шалған адамдардың видеосы қоғамды дүр сілкіндірді. «Өзге әлемге ашылған портал жабылды» дегендер шын мәнінде халықтың санасын шатастырды, – деді Нартай Аралбайұлы.

Депутаттың мәліметінше, қазір Қазақстанда атауында «би», «билер кеңесі» немесе «бас би» деген сөздері бар 20 ұйым жұмыс істейді. Оның үшеуі республикалық мәртебеге ие болса, қалған 17-сі өңірлік деңгейде қызмет етеді. Тек Түркістан облысы мен Шымкент аумағында мұндай бірлестіктерге 8385 адам мүше болса, олардың 1677-сі өздерін «би» деп атайды.

ТЕКСЕРІС КҮШЕЙТІЛЕДІ

Премьер-министр Олжас Бектенов берген жауапта мұндай ұйымдардың қызметіне тексеріс жүргізілгені айтылған. Соның нәтижесінде республикалық мәртебесі бар үш ұйымның екеуі заң талабын уақытында орындамағаны анықталған. Заң бойынша олар ел аймақтарының жартысынан көбінде филиал ашуы керек болған, алайда бұл талап орындалмаған. Қазір әділет органдары оларды мәжбүрлі түрде жабу мәселесін қарастырып жатыр.

Бұдан бөлек, кейбір ұйымдардың тіркелген мекенжайында жұмыс істемейтіні белгілі болған. Төрт ұйым әрекетсіз салық төлеуші деп танылса, тағы бірі салық есебін тапсырмай қойған.

Үкімет мәліметінше, кейбір «билер кеңестері» сот пен құқық қорғау органдары қарайтын дауларға араласуға тырысып жүр. Билік мұндай құрылымдардың шешімдерінің заңды күші жоқ екенін ескертті.

– «Би», «билер кеңесі», «бас би» деп аталатын кейбір ұйымдардың дауларды шешу процесіне араласу фактілері тіркелді. Бұл Қазақстан Конституциясының нормаларына қайшы келеді. Сот немесе құқық қорғау органдары құзыретіне жататын мәселелер бойынша мұндай ұйымдардың шешімдері заңды күшке ие емес және мемлекет тарапынан мойындалмайды, – делінген үкімет жауабында.

Тексерістен кейін үкімет заңнамаға өзгеріс енгізуді қолға алған. Енді қоғамдық бірлестіктерді тіркеу талаптары күшейтілуі мүмкін. Ұсыныстар қатарында ру-тайпалық құрылымдарға қатысты атауларды қолдануға тыйым салу, республикалық мәртебе алу шарттарын қатаңдату және мұндай ұйымдарды тарату негіздерін нақтылау бар.

Сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланысы бардай әсер қалдыратын атауларды қолдануға да шектеу енгізілмек.

коллаж AI / Ulysmedia

Ulysmedia.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.