Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетпек
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға өтініш берді деп хабарлады turkystan.kz.
Айта кетейік, орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Өмірзақ Шөкеев «Кентау әкімінің қылмысы дәлелденсе, отставкаға кетуге дайынмын» деген болатын.
Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Шөкеевтің отставкаға өтініш бергенін растады. Ал, негізгі шешімді Президент қабылдайтын болады.
Еске салсақ, 23 ақпанда Кентау қаласының әкімі аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген болатын. Өзінің сенімді тұлғалары арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаладағы автокөлік жолдарын жөндеумен айналысатын серіктестік директорынан 98 500 АҚШ долларын (42 млн 500 мың теңге) алды деген айыппен 10 жылға сотталған болатын. Ал, 25 тамызда Алматы қалалық соты сотталушының апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырусыз қалдырды.