«Массаждың қай түрін жасаса жаннатқа кіруге болады?»: Танымал имам жауап берді
Әлеуметтік желіде оқырмандарының сауалына жиі жауап беріп, танымал болған имам Нұрлан қажы Байжігітұлы массаждың қай түрін жасаса, жәннаттың есігі ашылатынын айтып берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Дін өкіліне кезекті рет оқырмандарымен байланыс орнатты.
Менің анам 70-те. Аяғын жууға қиналады. Массаж жасаса бола ма?
— деп сұрақ қойды желі қолданушысы.
Бұл сұраққа имам қарапайым әрі заманауи тілмен жауап қатты. Оның видеосын өз парақшасында жариялады.
«Сауаптың сауабы болады… Ананың аяғына массаж істеген адам — жер бетіндегі ең бақытты адам. Ол сауап алатын, сені жәннатқа сүйрейтін массаж. Ата-анаңыздың аяғын жуып тұрып, пилинг жасатып, тырнағы мен кутикуласын (тырнақ шетіндегі артық тері — ред) алып бер… Жылы суға батырып, ішіне жақсы сусабын, ваннаға арналған көбік пен сонау Израильдегі өлі теңізден тұз әкеліп, анаңның аяғына жағып бер. Шамаңыз жетсе, фиш-пилингке (балықтармен жасалынатын пилинг түрі — ред) дейін жасап беріңіз» , — деді Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Дін өкілінің бұл жауабына желі қолданушылары риза болды.
«Осы имам аға күшті, позитивті, әзілқой. Жеңіл әрі әдемі жеткізеді», «Ағамыз білмейтін қолданыстағы сөздерді айтты ғой», «Имам емес, әмбебапсыз ғой. Барлық массаж түрін білесіз», «Сізді тыңдап, бір демалып қаламын», «Жүз жасаңыз, насихат-кеңестеріңіз өте керемет», «Өте сауатты адамсыз» деп жазды желі қолданушылары.