«Қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырыстық»: Министр Асхат Аймағамбетов әріптестерімен қоштасты

0 4 960

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ғалымдар мен университет оқытушыларымен қоштасып, осыған дейінгі жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Экспресс К.

3 жыл бойы Білім және ғылым министрі болған Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында барлық ғалым мен университет оқытушысына хат жазып, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Соңғы 3 жыл мазмұнды, маңызды әрі күрделі уақыттың бірі болды. Біз осы жылдар ішінде қазақстандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесін барынша тиімді және бәсекеге қабілетті ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырыстық,

— дейді министр.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет Қазақстанның 16 университеті QS әлемдік рейтингіне енді. Web of Science деректер қорында бір емес, одан да көп мақаласы жарияланған ғалымдардың саны 25 пайызға өсті. Ал қазақстандық ғалымдардың Web of Science бірінші квартиліндегі мақалаларының жалпы саны 70 пайызға артты.

Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды,

— деп жазады Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, енді мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды. Олар тек мемлекет меншігінде болады.

Жауапкершілігі төмен 15 университет жабылды. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық,

— деп тізбектеді ол.

Сөз соңында ол барлық оқытушылар мен ғалымдарға тілегін айтып, қоштасты.

Құрметті әріптестер! Сіздер қазақстандық ғылым мен жоғары білімді дамыту үшін үлкен жұмыс атқардыңыздар. Елімізде осындай дарынды педагогтер мен ғалымдар барда отанымыздың болашағы зор болатынына кәміл сенемін,

— деді министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.