Қызыққа толы квест ойыны
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Балалар жылы» аясында және ақын Мұхтар Шахановтың туғанына 80 жыл толуына орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақын — халықтың жүрегінде» атты квест ойыны өтті.
Берікқара шатқалында орналасқан «Тау самалы» балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерінде өткен шара қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұхтар Шаханов шығармашылығының терең иірімдеріне үңілу, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулуды мақсат тұтты.
Кітапхана тарапынан алғаш рет ұйымдастырылған квест ойынында балалар 3 топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Әр команда берілген тапсырмаларды 10-15 орындауға тырысты. Ойынның барысына келсек, мұнда 4 бекет құрылды. Алғашқы бекет М. Шахановтың өмірі туралы деректер, цифрлар арқылы ойнатылды. Ермексазға нүктемен әр бұрышына ақынның туған жылы, қызметі, оқу орнын тәмамдаған жылдары жазылды. Ал екінші бекет «М.Шахановтың сазды әуендері» деп аталды. Мұнда полиэтилендік стақандарға әндердің атауы бір-бір әріппен жазылды. Қатысушылар барлық әріптерді тауып, оны біріктірген кезде әннің жұмбағы шешілді. Әнді барлық команда орындап, авторы және шығу тарихы туралы айтып берді. Үшінші бекет М.Шахановтың қанатты сөздеріне арналды. Бұл тапсырманың ерекшелігі – ақынның қанатты сөздерін смайлк арқылы табуында. Яғни қаламгердің қанатты сөзі смайликпен бір параққа шығарылады да, ойын ойнатылып жатқан аумаққа полиэтилендік бөтелке ішіне салынып, өзен бойындағы тастар арасына жасырылды. Бұл ойында да әр команда өздерінің біліктілігін көрсетіп, қанатты сөздерді тапты. Соңғы бекет – «Бұл ақынның қай өлеңі?» деп аталды. Мұнда таяқшаларға ақынның өлеңдері төрт қиындыға бөлініп, бұтақтарға байланды. Олар жасырынған аумақта шашырап жатқан бұтақтарды біріктіріп, бір өлең құрады.
Шараның қорытындысында «Тау самалы» балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьінің директоры Ғалия Сейтбекова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.
Ойын қорытындысы бойынша ІІІ-ші орынды «Астрал», ІІ-ші орынды «Разные», І-ші орынды «Жақсылық» командасы иеленді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Мұндай қызыққа толы ойындар алдағы уақытта да жалғасын табады.