Рухани ағарту тұрғысынан қандай жетістіктерге жол ашылды?
Бағдарламаның тағы бір маңызды тетігі – қазіргі заманғы қазақ мәдениетін әлемдік алты тілге аудару арқылы жаһанға таныстыру жобасы. Осы орайда бүгінгі қазақстандық қайраткерлердің әдебиет, гуманитарлық ғылым саласындағы үздік туындыларын, суретшілердің, музыканттардың, мүсіншілердің шығармашылық жұмыстарын әлемге таныстыру жұмысы Бағдарламаның негізгі нысанасына айналып отыр.
«Бұл еліміздің шығармашылық интеллигенциясы алдында ашылған зор мүмкіндік һәм үкімет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау», дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары.
Нақты айтар болсақ, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңірлерде 5 млн-нан астам адамды қамтыған 25 858 іс-шара өткізілсе, биылғы жылдың 28 қаңтарында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысына латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Жетілдірілген әліпби қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтитын латын әліпбиінің базалық жүйесінің 31 символына негізделіп жасалды.
Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында төрт жыл ішінде өңірлерде 1,7 млн-нан астам адамды қамтыған 3 465 іс-шара өткізілсе, осы аралықта «Философия», «Мәдениеттану», «Маркетинг», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану», «Кәсіпкерлік негіздері және дінтану», «Стартаптар» және тағы басқа ғылым салалары бойынша: 2017 жылы – 17, 2018 жылы – 30, 2019 жылы – 30, 2020 жылы 23, барлығы 100 оқулық аударылып отандық білім беру процесіне енгізілді.
Сонымен қатар аударылған оқулықтар 100kitap.kz сайтына орналастырылып, қазақ және орыс тілдеріндегі бейнекурстары 77 оқулық негізінде www.OpenU порталы құрылды. Әр оқулыққа еліміздің үздік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылық құрамынан бейнекурстар әзірленді. Бейнекурстар 25-40 минут көлемінде 25 дәрістен тұрды. Курстың соңында дәрістердің мәтіндік транскрипті, тест тапсырмалары, рефлексияға арналған тапсырмалар және қосымша әдебиеттер тізімі ұсынылады.
Бүгінгі таңда жоғарыдағы OpenU сайтына 88 мыңнан астам адам пайдаланушы ретінде тіркелсе, онлайн оқыту платформасының серіктестері ретінде 132 университет пен 158 колледж танылып отыр.
Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңірлерде 1,8 млн-нан астам адамды қамтыған 3 398 іс-шара өткізілді. Жобаға 6 мыңнан астам адамнан өтінім қабылданды. Бұл тізімді әр жылға бөліп көрсетер болсақ: 2017 жылы – 2112, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы 1673 адам қамтылып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы 163 жеңімпаз анықталды. Жоба жеңімпаздары рухани-ағарту саласында да өзіндік үлестерін қосып келеді.