Комиссияның жұмысы қарқынды
Саяси қуғын-сүргін ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі екендігі белгілі. Әлі де ақиқаты ашылмаған ақтаңдақтар жетерлік. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Бұл шешім жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің, жасанды зауалдан зардап шеккен боздақтардың алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жаңаша серпін берді. Бұл бағытта облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімдігінің қаулысымен жасақталған комиссия құрамына тарихшылар, архившілер, мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарынан жалпы саны 26 адам енген. Бүгінде комиссияның 4 отырысы өткізіліп, онда алдағы жоспарлар, алгоритм бекітіліп, жұмыс методологиясы талқыланған. Сондай-ақ тұрақты негізде жұмыс істейтін 13 адамнан тұратын жұмысшы тобы да құрылған. Топ мүшелері ақталмаған Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылар, кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалар, еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдар, дәстүрлі дін өкілдері және большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандар мен «Алаш» қозғалысы мен партиясына қатысушылар туралы зерделеу жұмыстарын жүргізеді.
– Жұмыс тобының мақсаты – Орталық, облыстық, қалалық аудандық архив, облыстық сот, прокуратура, ішкі істер департаментінің құжаттарын, тізімдесін зерделеу, анықталған азматтардың тізімін жасау, халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру және олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпаққа қайтару. Қазіргі таңда жұмысшы топ мүшелері жоспарларына сәйкес, қорларда сақталған көптеген құнды құжаттарды зерделеп үлгерді. Әуелі олар облыстық архивтегі Жамбыл облыстық партия комитетінің құжаттарына талдамалық жұмыстарын жүргізіп, 282-қордың 75, 78,81 тізімдемелерінде кезінде «халық жауы» болып, кейін 1989-1991 жылдар аралығында ақталған коммунистердің персоналдық жеке, ақтау қағаздары, партиялық бақылау комиссиясының отырыстары, коммунистердің істерін қайта қарау туралы 300-ден астам құжатты қарады. Олардың барлығы зерделеніп, оның ішінде 123 ақталған азаматтың есімдері арнайы кестеге толтырылды. Кестеде аты-жөні, туған жылы, жері, сотталғанға дейінгі атқарған қызметі, сотталған бабы, мерзімі мен архивтік негіздемесі қамтылған, – дейді облыстық архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы.
Сонымен қатар оның айтуынша, облыстық соттың 1933-1967 жылдар аралығындағы бірқатар қорларына зерделеу жасалып, Қылмыстық кодекстің 58-бабымен, яғни саяси қуғын-сүргін бойынша айыпталған 3 азаматтың тізімдемесі табылған. Кейін ол тізімдеме орталық Арнайы құпия қорына акт арқылы өткізілген.
Бұдан бөлек, облыстық прокуратурада 1989 жылы 2320 азаматты ақтау жөніндегі ұсынысы, Жамбыл облысы бойынша бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының 2 қорында 17 565 архивтік құжат сақталғаны анықталған. Бүгінде ондағы азаматтардың тізімі жасалып, арнайы кестеге енгізілген екен. Бұған қоса, жуырда Сағындық Зейнуллаұлы мен облыстық архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында арнайы іссапармен барып қайтқан.
– Екі күнге созылған іссапар барысында Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының архивінің жұмысымен таныстық. Бұл архивте сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Кеңес дәуіріндегі партиялық құжаттары тағы басқа тізілімдемелер сақталған. Ерекше атап өтерлігі, қор құрамындағы 1928 жылғы нан дайындау компаниясының жүргізу жұмыстары бойынша баяндамалық хаттар, 1930 жылғы Сырдария округтік комитетінің ұжымдастыру жөніндегі құжаттар, аталған округ бойынша байлардың мал-мүлкін тәркілеу протоколдары, баяндамалары, 1934 жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бюро отырыстары, 1927-1928 жылдары Сырдария округтік комиссиясының жұтпен күресу шаралары, 1930 жылдары Созақ көтеріліс кезінде қаза тапқан әскерилердің тізімі, мінездемелері, Созақ көтерілісшілеріне қарсы іс-қимылдар жөнінде баяндамалық хаттар, 1933 жылғы көшпелілерді орналастыру жөнінде акті, ақпараттар, 1932 жылғы мемлекетке нан өткізу, кулактармен күрес бойынша директивалық нұсқаулықтар, Меркі, Талас ауданы бойынша конфискациялау істері зерделеніп, құжаттардың көшірмелері алынды.Әкелінген құжаттар Әулиеата өңірінің архивтік тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіншілік береді әрі алдағы уақытта семинарларда оқылатын баяндамаларға тың деректер көзі болып табылады. Сонымен қоса,Меркі, Талас аудандары бойынша тәркілеуге ұшыраған байлардың да тізімі анықталды. Бұл тізім облыстық архив сақтауына түспеген. Сондықтан бұл – жаңа дерек. Тағы бір атап өтерлігі, арнайы мемлекеттік архивтің қорларында №1 қор атауымен ақталмаған азаматтардың, №6 ақталған, №10 қорында әскери тұтқындардың істері орналасқан. Құжаттарды қарау барысында 181 жеке адамның ісі арнайы кестеге толтырылды. Олардың ішінде 130 жеке іс Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияның тұтқынына түскен азаматтарды құрайды. Одан өзге, 51 жеке іс майданнан қашып, фашистік ұйым құрып, төңкерістік әрекет жасағаны, қоғамға қауіпті, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, троицкилік ұлтшыл ұйымға мүше болды деп көрсеткен айыптаулар негізінде бас бостандығынан айырылып, түрмеде, лагерьлерде өз жазаларын өтегендерге қатысты. Бірақ олардың жеке істерінің құпиялылығы сақталмаған. Ал бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырындағы шаруа, – дейді Сағындық Зейнуллаұлы.
Комиссияның қауырт жұмысы тек мұнымен шектелмейді. Айталық, бұған дейін бірнеше семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, басылым беттерінде авторлық мақалалар жарық көрген. Сонымен қоса, ақталмай қалған құрбандардың есімдерін анықтау мақсатында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы арнайы өтініштерді қабылдауда. Яғни мұнда азаматтар көнекөз қариялардан естіген, білген ақпараттары негізінде олар жайлы кең көлемді мағлұматқа сұрау жібере алады. Соған сәйкес орталық қызметкерлері ТМД халықтарына ортақ әзірленген «Открытый список» ашық деректер базасынан іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Содан соң саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбаны болған азаматтардың жерленген жерлерін анықтау мақсатында өңірдегі діни орындар, мешіттер, шіркеулер, қорымдар, ескі зираттарға да тарихын зерттеу жұмыстары басталып кеткен. Мәселен, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу, Меркі және өзге де аудандарда жергілікті тұрғындар, шырақшылар, өлкетанушылармен сұхбаттасып, нәтижесінде бірнеше жерленген орындары анықталып, картасы жасалған. Экспедиция жұмысы аяқталғаннан кейін құрбандардың қорымы туралы облыс бойынша карта әзірленбек.
Қарқын алған комиссия жұмысы әрі қарай да жалғасын таба береді.