Назарбаев дүние-мүлкін ұлының атына аударып берді – БАҚ
Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы элиталық жылжымайтын мүлік Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туыстарының меншігіне өтті.
Бұл туралы «Азаттық» хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаев астананың бас архитекторы деп насихатталады. Өзі де соны жиі сөз етеді. Президенттіктен кеткен соң оның есімі берілген қалада кейінгі 20 жылда өте көп ғимарат салынды. Оған мемлекеттің миллиардтаған доллар қаржысы құйылды. Астананың символына айналған әдемі ғимараттармен қатар Есілдің бойында аса қымбат коттедждер, резиденциялар пайда болды. Оның бірегейі және ерекше қорғаудағысы – Назарбаевтар әулетінің Жасыл арал мен оның айналасындағы сарайлары.
Жасыл арал Есіл ауданы мен Алматы ауданы шектескен тұста орналасқан. Ақорда мен Елбасы кеңсесіне жақын. Арал мен бұл екі ғимаратты тікелей жалғайтын жол да бар. Бұл жол Есіл өзенінің бойындағы президент саябағының ішіне төселген.
2004 жылы Қазақстан президентінің бас резиденциясы – Ақорданың құрылысы аяқталды. Сол уақытта Тельман ықшамауданында Есілдің арнасы екіге бөлініп, жасанды арал пайда болды. Оған Жасыл арал деген ресми атау берілген.
Аралдың аумағы кадастр базасына бес учаскеге бөлініп енгізілген. Жиыны 118 341 шаршы метр, яғни, 12 гектарға жуық жер. Онда бірнеше үй орналасқан. Жері мен сарайдың ауқымы жөнінен ең үлкен бөлігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2007 жылы сыйға берілген. Бұл участок жер кадастры жүйесінде 21-320-087-397 нөмірімен тіркелген. Жылжымайтын мүлікті экс-президент биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Тауман Нұрсұлтанның атына сыйға тарту шартымен аударып берген. 2000 жылдардың аяғында тәуелсіз басылымдар Нұрсұлтан Назарбаев пен оның «үшінші әйелі» Әсел Құрманбаеваның «Тауман және Бәйкен деген екі ұлы бар» деп жазған. Экс-президент содан бері бұл ақпаратты растаған да, теріске шығарған да жоқ.
Жасыл аралда теннис корты, тікұшақ қонатын алаңқай және қосалқы нысандар бар. Аралдың өзге учаскелері бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаевтың отбасына қарайды. Ол да Қаңтар оқиғасынан кейін атында тұрған үлкен жер телімін ұл-қызы Нұрбол, Құндыз Назарбаевтарға өткізіп берген. Мүліктердің жеке меншік құқығы Жаннат Назарбаева деген адамның атына да жазылған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үйде тұратыны һәм тұрмайтыны белгісіз. Дегенмен аумаққа күзет қойылған. Осы журналистік зерттеу барысында Жасыл аралға өтпек болдық. Ішкі істер министрлігінің күзет патрулі тоқтатып, оператор екеуіміздің құжатымызды тексерді. Әуелі Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері келетінін ескертті де, кейін жұмысымызды жалғастыруға рұқсат берді. Заң бойынша, экс-президент Назарбаев тұратын үйді мемлекеттік күзет қызметі қарауылдайды.
Президенттің іс басқармасы осы аралдың құрылыс салынбаған, қоршалмаған бөлігінен үш гектардан астам жерді бөліп алған. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы жер қатынастары басқармасы геопорталының дерегі. Бөлінген жерді резиденция деп атап, Іс басқармасын құрылыс салушы деп көрсеткен. Басқарма біз жолдаған ресми сауалға «Сіз жазған жасанды аралдағы жылжымайтын мүлікке Іс басқармасының қатысы жоқ, ол жақтағы тұрғын үй құрылысына қаржы бөлген емес» деп жауап қайырды.
Жасыл арал жасалып жатқанда онымен іргелес, өзеннің екінші жағасындағы учаскеге зәулім сарай салынып, айналасы безендірілген. Жеті жыл бұрынғы ресми құжаттарда бұл аумақ Қазақстан президентінің «Нұра» резиденциясы деп аталған. Қазір бұл жылжымайтын мүлік Назарбаевтың меншігінде.
21-320-135-1753 кадастр нөмірімен тіркелген зәулім сарай экс-президентке «Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция» компаниясы арқылы қарайды. Ал бұл компанияға «Елбасы» қоры иелік етеді. Қордың құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Көлемі бұдан сәл кішірек қасындағы екінші үй де «Елбасы» қорына қарайды. Оның іргесіндегі үш гектар учаске мен сұр шатырлы үй Бәйкен Нұрсұлтанның атында тұр. Мүлік 2017 жылы сыйға тарту шартымен берілген. Айтылған үш үйдің аумағы бірге қоршалған. Бәріне ортақ тікұшақ алаңы бар.