«Ішетін су да жоқ». Шекарада қалып қойған қазақстандықтардың жағдайы мүшкіл

0 411

Үш күннен бері Өзбекстаннан Қазақстанға қайта алмай жатқан отандастарымыздың жағдайы мүшкіл.

ҚР СІМ отандастарымыз үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында 50-ге жуық отандасымыз тұрып қалды. Олар екі елдің арасындағы шекара ашылуын күтіп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, біздің Өзбекстандағы дипломаттарымыз отандастарымызды елге қайтару үшін бар күштерін салып жатыр.

Бұл жағдай біздің Өзбекстандағы дипломаттарымыздың қатаң бақылауында. Өзбек әріптестерімізбен келіссөз жүргізіліп жатыр. Мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Біздің азаматтарымыз үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген, үнемі байланыстамыз,

— деді Айбек Смадияров.

Шекарада тұрып қалған қазақстандықтар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады. Қарақалпақстанның Даут ата шекара бекетінде түсірілген бейнеүндеуде шекарада кептеліп тұрған ауыр жүк көліктерін көруге болады.

50 шақты Қазақстан азаматы өте алмай жатырмыз. Жас балалар да, қарттар да бар. Ақшалары да, ішетін тамақтары да таусылған. Кімнен көмек сұрайтынымызды да білмейміз. Консулға да хабарластық, бірақ ешқандай нәтиже болмай жатыр,

— дейді бейнежазбаны түсірген ер адам.

Кішкентай баланы құшақтаған ер адамның айтуынша, олар Өзбекстан жағына да қайта алмайды.

— Бензин, газ да жоқ. Өзбекстан карантин жариялап тастаған. Ішетін суымыз да жоқ. Балалардың температурасы көтеріліп, үлкен адамдар да ауырып жатыр. Президент мырза, жәрдеміңіз керек. Бізді тек елге кіргізуді сұраймыз. Қарақалпақстанға қайта алмаймыз. Қалай кіргізді, солай шығарып жіберсін. Үш күн болды жатқанымызға. Тіпті асханада жабық, — дейді шекарадағы адамдар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.