Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады…

0 2 909

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап-армандаған ел егемендігіне қол жеткізіп, өз алдына дербес, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасы қалана бастағанына биыл 30 жыл. Бұл тарихи өлшем таразысына салғанда қас-қағым сәт көрінгенімен де, адам өмірімен саалыстырып қарағанда едәуір уақыт.
Тарихы жоқ ел болмайды, елдің ертеңі бүгіннен бастау алады-десек, ол – дау жоқ, кешегінің жалғасы. Ендеше ел болашағын ойлауды қасиетті тілімізден бастағанымыз абзал.
Тәуелсіздік қазақ елінің халқына қайтарған игі жақсылары көп-ақ. Соның ең бастысы-өз тілі арқылы азаттық пен ұлттық болмысымызды сақтап қалу мүмкіндігі. Қазақ деген халық үшін өз тілінде сөйлеу, төл тілінде ой қорыту сондай-ақ өзара қарым-қатынасқа түсу, билік құру… Өйткені тіл – ұлы күш-байлықтың ішіндегі баға жетпес асыл қазынасының ең бастысы.
Қазақтың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» — деп бекер ой қорытпаса керек. Сондықтан да қазақ тілін «ана тілі» деп атаған. Жер бетіндегі ешбір елде, ешбір қоғамда, ешбір тілдің элиталық тобы бұлай атаған жоқ.
Тіл туралы ой-толғамдардың кешегісі мен бүгінгісін сараласақ әр буын өкілдері өзінше ой таразысынан өткізіп салмақтайтыны заңды құбылыс. Шындық та жөтел сияқты тамақта жыбырлап тұратынындай ұлты үшін ұйқысы қашқан бүгінгі элиталы топ өкілдері Абайша айтсақ, «Іштегі шер не ауыздан сөз болып шығады, не көзден жас болып ағадының» кейпінде.
«Әлемде жетпіс жеті тіл бар. Солардың ішінде ең асылы АДАМНЫҢ тілі. Одан кейінгі ең қасиетті тіл – ҚАЗАҚ тілі. Кей замандастарымыздың соны білмейтіні ащы да болса шындық. Егер білсе,  ғылым да,  дін де,  өнер де осы қазақ тілінде…» Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы айтқалы, міне, бір ғасырдың жүзі болды, ұққан кім бар? Ұқсақ ғылымның жарығымен, діннің мерейімен, өнердің өрісімен «замандастарымның» өмірі өзгерер еді. Әттең…
Кей  замандастарымыздың «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» —  деген ұранның жетегімен жүрді.
Қазақ тіліне берілген басымдықтың рөлі қандай болды? Оның бұдан әрі қарай дамуына қаншалықты зор көңіл бөлінеді? Сауал көп…
Қазақ тілі – заманалар көшінде өзіне-өзі деген құрметінің арқансында  дамып өркендеп келе жатқандығына уақыттың өзі куә. «Қаншама ғасырдан бері қазақ халқы тірі, бар болса, ол оның тілінің арқасы» — дейді академик Р. Сыздықова. Өйткені ұлт пен тіл біртұтас дүние. Қазақ халқы мына тарихи кеңістікте басынына бірнеше оқиғаларды өткізсе де өзінің ұлттық келбетін тілінің ғана арқасында сақтап, ғасырлардан ғасырларға аманаттап келе жатқандығының сыры осында. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына басшы Анар Фазылжанқызы «Қазақ тілі қандай тіл?» – деген кезде ең бірінші осы мәселені ойлауымыз керек. Егер біздің баламыз бауырмал, біздің баламыз білімқұмар, үлкенді сыйлайтын, кішіге ізет көрсететін, өзінің елін жақсы көретін, жерін жақсы көретін, отанын сүйетін, қарияны ешқашан далада қалдырмайтын, жетімін жылатпайтын болсын десек, оны қазақ тілінде тәрбиелеу керек. Өйткені тілде ғана сол рух бар» — дейді.
Мемлекеттік тілдің рөлі төңірегінде сөз қозғай қалсақ, қандай аудитория болмасын ең алдымен тілдің қоғамдағы мәні мен мазмұны, оның адам өміріндегі орны, сондай-ақ даму жөніндегі ұсыныстар айтылады. Десе де оның жүзеге асу жолдары тек қағаз жүзінде шектеліп қалатыны ақиқат.
Тіл – адамзат баласының жаратылысындағы ең қымбат қазынасы. Өйткені адам баламсы өз тілі арқылы  өз ұлтының, туған Отанының салт-дәстүрлерінің тағылымды құндылықтарын таниды. Сондықтан әрбір адам баласы өз тілінің үш бірлігін  ұғынып өсуі қажет. Олар:
1.Тілдің тарихилығын (тілдің дамуы мен қалыптасу кезеңдері)
2. Тілдің қоғаммен байланысын (тілдің қоғамдық дамумен бірге жетіліп отыру байланысы)
3. Тілдің қарым-қатынас құралдығын (тілдің пікір алмасу, өзіндік ойын жеткізудегі ықпалы)
Мемлекетімізде қазақ тіліне конституциялық тіл ретінде бір ғана тілге басымдық берілген. Оған 1995 жыл мақұлданған «Қазақстан Республикасының Конституциясы»,  1996 жылғы «Тіл саясаты туралы тұжырымдама» сондай-ақ 1997 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң  дәлел. Бірақ «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 7- бабы «Тілдердің қолданылуына кедергі келтіруге жол бермегенімен» мемлекеттік тілдің дамуына 25 жыл бойы алдына көлденең болып келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызметінің (ішкі және сыртқы факторларының) алғышарты бола алмады. Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғылт төбет» көркем туындысында мынадай сәтті шыққан суретті сөз бар: «құрлықта жүргенде құрлық туралы ойламайсың, ал теңізде жүрсең ойыңнан теңіз кетпейді…» дейді. Біз мемлекеттік тілдің қадірін дамыту туралы сөз болған кезде ойлауға міндетті емеспіз.
Мемлекеттік идеологияның негізгі жаршысы, насихаттаушысы – сол ұлттың тілі ғана. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай мәдениетті,  білімді үйрететін құнды деректер құндылығы сол ана тілінде сақтаулы тұр. Мысалы қазақ хандығы дәуірінде «Еділ –  елдің есігі, Жайық – үйдің жапсар, Түркістан – үйдің төрі» деген ұлттық идеяға негізделген халықтың терең тұжырымы болған. Ал осы тұжырымның төрт аяғын тең бастырған, бірлік пен ынтымаққа негізделген төрт  ұстанымы және болған. Олар:
«Хан болсын, ханға лайық заң болсын.
Абыз болсын, абызды сыйлау парыз болсын.
Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын.
Би болсын, би түсетін үй болсын» деген. Міне осындай ұлттық тәмсіл қазақ халқының саясат тарихы сахнасындағы  орнын нақтылап берген.(С.Негимов)
Міне, бізге біріншіден,  қазақ тілін дамытамыз десек мемлекеттік идеологияға негізделген тұжырым мен ұстаным керек; екіншіден мемлекеттік тілдің өзіндік мәртебесін айқындайтын «Мемлекеттік тіл туралы» Заң керек; үшіншіден, мемлекеттік тілдің көсегесін көгерткілері келетін мемлекеттік мекемелер бұрын Мәдениет министрлігінің қарамағында болып, түрлі даталы мерекелердің көлеңкесінде өгейлік күн кешті. Ал енді Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтті. Бұл мекеменің тағы да түрлі реформалардың тасасында қалмасына кім кепіл?! Мемлекеттік тілді мерейін өсіру үшін ешқайда жалтақтамайтын, екінші мәселе болып қаралмайтын өзіндік тәжі бар, мемлекет басшысына тікелей бағынатын мекеме болуы шарт. Сондай-ақ мемлекеттік тілді білу азаматтың жеке бәсекелестікке қабілеттілігінің, мансаптық жылжуы мен қоғамдық – саяси өмірге белсенді қатысуының маңызды факторына айналуы тиіс.
Дүние жүзіндегі дамыған өркениетті елдердің тәжірибесіне көз салсақ, тәуелсіздік алған елдер оны баянды ету, нығайту ісін рухани мәдениеттен, тілден бастауды негізге алған. Қазақ тілі өркендесе, тек Қазақстанда өркендейді. Егер қазақ өзінің ана тілінде сөйлемей, оны менсінбейтін болса, өзге ұлттың адамы да бұл тілді керексінбейтіні айдан-анық. Қашан да тілдің қолдану аясын кеңейтетін, өрістететін, дамытатын ең пәрменді құдірет – ауызба-ауыз сөйлеу тілі, кеңсе, іс-қағаз тілі, жиналыс-мәслихат тілі, балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында қолданылатын тіл, ғылым-білім, отбасы тілі болуы шарт емес пе?!
Қазақ халқының тіл байлығының бір өлшемі  — сөз байлығы. Бірақ сөз байлығы сөздердің санымен ғана емес, сапасымен де, мән-мағынасымен де өлшенеді.Соған қарағанда, қазақ тілі өркениетті бірде-біреуінен кенде емес, сөздік қоры 1 миллионға жуық мағыналық бірлікте. Адамзат қоғамы бүгін аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Өркениет көшінен қалмай, ғылымы мен білім беру жүйесі озық елдердің, Ыбырайша айтқанда  «өнер-білім бар жұрттардың» қатарында болуды ескерген жастарымыз үшін мемлекеттік тілді білу заман талабы екенін ескеріп, соған сәйкес қадам жасауға тиіспіз.
Халықтың ұлтық болмысын сақтай отырып тарихта қалуы өз тіліне байланысты. Қазақ тілі – тек біздің мелекеттік тіліміз ғана емес, ол біздің мәдениетіміз. Біздің тарихи ұлтпыз деп айтуға толық негізіміз бар. Өйткені мемлекеттік тіліміз ұлт бірлігінің қанатына айналды. Әлі де бұл сара жолда атқарар жұмыстар көп-ақ. Қазақ «Көп түкірсе көл» демей ме?… Қазақ тілін мемлекеттік тіл  ретінде терең зерделей отырып, білім беру саласында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарына дейін ғылым негіздері қатарына кіретін пәндер ретінде оқытылуды бүгінгі әлеуметтік орта мен қоғамдық өмір қажет етуде. Қазақ тілі  — еліміздің тірегі. Сондықтан да еліміздегі өзге ұлт тілінің дамуына да жетекшілік жасауы қажет. Бұл жолда ең алдымен мемлекеттік тілдің бәсекелестікке қабілетті қызметіне дем беруіміз қажет.

ДҮЙСЕНБАЕВ БАЗАРБАЙ РЫСБАЙҰЛЫ
Жамбыл облысы,
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған
«Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.