Ел есіндегі азаматтардың есімі ешқашан өшпейді
Жамбыл облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға бағытталған жұмыстар негізінде облыс әкімдігінің 2021 жылғы 25 қаңтардағы №22 қаулысымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия ел тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша да жан-жақты жұмыс істеуде.
Осыған орай, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссия отырысындағы тапсырмалар негізінде өткен ғасырдың 20-50 жылдары қудалауға ұшыраған азаматтардың, оның ішінде ақталмай қалғандарының есімін анықтау мақсатымен 2021 жылдың 5-маусымынан бастап облыстық және облыс аумағындағы аудандық басылымдарға орыс және қазақ тілдерінде хабарландыру берілген болатын.
Хабарландыру бойынша өтініштерді қабылдау жұмысы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына тапсырылған. Бүгінгі таңда хабарландыру бойынша WhatsApp желісіне және телефонға хабарласу арқылы 9 адамнан өтініш қабылданған. Оның басым көпшілігі ауыз-екі түрде көнекөз қариялардан естіген, білген ақпараты негізінде «саяси қуғын сүргін құрбан болды» деген болжаммен айтылған азаматтардың есімі (кейбірі нақты есімін де білмейді). Қолдарында нақты құжаты жоқ. Мекеме қызметкерлері өтініш негізінде сұратылған азаматтардың есімін Саяси қуғын-күргін құрбаны болып, ақталған азаматтардың ТМД халықтарына ортақ әзірленген «Открытый список» (https://ru.openlist.wiki/) ашық деректер базасынан іздестіру жұмыстарын жүргізді. Деректер базасында келген 9 өтініштің ішінен тек 1 адамның есімі анықталды.