Арыстанбек Мұхамедиұлының әйеліне не тиесілі?

0 1 644

Әлеуметтік желіде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының байлығы туралы белгісіз біреулер жасаған видео тарап, онда экс-министрдің отбасы қымбат сарайлар, ресторандар, базар, финтес орталығы, қонақ үй, кеңселерді жалға беретін ғимарат пен ат-спорт кешеніне иелік ететіні айтылған.  Экс-министрдің өзі мұны әлеуметтік желіде жоққа шығарып, оны «кезекті ақпараттық шабуыл» деді.

Malim.kz аноним видеода айтылған жайттарды тексеріп, зерттеудегі нысандардың біразы расында да Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасына тиесілі екенін анықтады.

Мұхамедиұлының жұбайы және «Alem corporation»

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова – «Alem corporation» ЖШС-ның жалғыз иесі. «Alem corporation» атты ағылшын тіліндегі сайтта корпорацияға Alem Educational Systems, Alem Languages, Қазақстандық Швейцария-Американдық туризм және қонақжай ісі колледжі, «Дипломат» қонақ үй, бинес және экспо орталығы», «Қазақ энциклопедиясы», «Дипломат» қонақ үйіндегі The Family кафесі, Alem tutor және Alem travel компаниялары кіретіні жазылған. Ал «Дипломат» қонақ үй, бизнес және экспо орталығына» қонақ үй, бизнес орталық, қонақ үйдегі бірнеше қымбат мейрамхана және Bali Spa және фитнес орталығы кіреді.

«Alem Corporation» – бұл өнімдер мен қызметтерге ерекше көзқарас қалыптастырған Орталық Азиядағы корпорация. Біз бәсекеге қабілеттілікті бизнесті дамытудың маңызды элементтерінің бірі деп білеміз», — делінген корпорация сайтында.

Енді корпорацияға кіретін әр компанияға тоқталайық.

Жекеменшікке өткен «Қазақ энциклопедиясы»

Мемлекет меншігінде, мәдениет және спорт минстрлігінің балансында болған «Қазақ энциклопедиясын» 2015 жылдың наурызында қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тендер арқылы жеке компанияға сатқан.

«Қазақ энциклопедиясын» 222 031 800 теңгеге «Alem corporation» компаниясы сатып алған. Бұл уақытта компания атауы мен құрылтайшылары басқа болғанымен, 2020 жылдың тамызынан бастап «Alem corporation» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы – Ғалия Ысқақова. Осылайша Алматы қаласындағы 8 ықшамауданы 19А үйде орналасқан «Қазақ энциклопедиясының» жалғыз иесі де А.Мұхамедиұлының жұбайы.

Ат-спорт кешені

Видеода экс-министр отбасының ат-спорт кешені бар екені айтылады. Расында да, А.Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақованың «Tulpar Resort» компаниясы бар. Компания Алматыдағы Жетісу ауданы Жансүгіров 262/2 мекенжайында орналасқан. Ал тура осы мекенжайда атсүйер қауым жақсы білетін «Тұлпар» ат-спорт кешені тұр.  Алматы ипподромына тиіп тұрған «Тұлпар» ат-спорт кешенін «жылқылары керемет» деп интернетте мақтайтындар көп. Ат-спорт кешенінің Instagram парақшасына қарағанда, онда ат мініп қана қоймай, футбол алаңын жалға алып, самбо, йога, семсерлесу, бокс, күрес тәрізді ақылы секцияларға баруға болады.

Мейрамхана мен SPA-орталық

Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы Ғалия Ысқақованың атындағы компаниялар мұнымен бітпейді. Ғ.Ысқақованың мейрамхана саласында жұмыс істейтін  «AiDimZhan & Co» компаниясы бар. Компания астанадағы «Дипломат» ғимаратында орналасқан. «Дипломат» қонақ үйінде бірнеше мейрамхана бар. Соның бірі видеода сөз етілетін,  жоғарыда айтылған «Alem corporation-ға» кіретін – Family кафесі.

Бірақ «Дипломат» қонақ үйі аноним видеода айтылғандай, Арыстанбек Мұхамедиұлының туыстарының иелігінде емес. Ашық деректерге сәйкес,  қонақ үйдің құрылтайшысы – Қазақстанның Индонезиядағы бұрынғы елшісі, кәсіпкер Серік Итенұлы Қарымсақов.

Alem corporation-ге кіретін Bali SPA wellness & fitness орталығына Арыстанбек Мұхамедиұлынікі екенін бірқатар ақпарат құралдары бұған дейін жазған. Қаңтарда жөндеуге жабылып қалған орталықтың клиенттері ақшасын қайтара алмай қалғанда, журналистер СПА орталықтың иесі ретінде Арыстанбек Мұхамедиұлына хабарласып, мән-жаййды сұрап білген. «Литердің» жазуынша, орталыққа қатысы барын жоққа шығармаған экс-министр ақшаның жайын администратордан сұраңдар деп қайырған.

Оқу орындары

Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы білім беру саласындағы бизнеске де бет бұрған. Елордада «Дипломат» бизнес орталығында «Қазақстандық Швейцария-Американдық туризм және қонақжай ісі колледжі» орналасқан. Оған да «Alem Corporation» ЖШС арқылы Ғалия Ысқақова иелік етеді.

Оқу орны 2020 жылға дейін «АСУ» гуманитарлы-техникалық колледжі» деп аталған. Колледжді 2019 жылдың аяғында «Alem Corporation» ЖШС сатып алған. Колледж туризм, тамақтандыруды ұйымдастыру, аударма ісі, қонақ үй бизнесі, әлеуметтік жұмыс тәрізді мамандықтар бойынша оқытады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының 19 жастағы баласы Жандос Мұхамедидің де білім беру саласында кәсібі бар болып шықты. Жандос Мұхамедидің «Дипломат» бизнес орталығында тіл оқытатын Alem Languages тіл орталығы бар. Ақпарат құралдары Жандос Мұхамедиді болашағынан көп үміт күттіретін скрипкашы деп жазған.

Арыстанбек Мұхамедиұлының 23 жастағы ұлы Дінмұхамед Мұхамеди болса талапкерлерге оқу орны мен мамандық таңдауға көмектесетін «Alem Educational Systems» ЖШС-ның иесі.

Видео тараған бетте Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуметтік желідегі парақшада мұны жала жабу деген. «Достар, мұнда бір видео белсенді түрде таратылуда, маған оны бүгін 10 мәрте жіберді. Ауызына май, дегендей…  Шамасы, жала жабу мен арандатулар әлі көп болатын сияқты: кезекті ақпараттық шабуыл қарқын алуда. Әдеттегідей, анонимді, жалған… Әр кезде ұмытпайтындарыңызға рақмет», — деп жазады А.Мұхамедиұлы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.