Есті ене мен көргенді келін
Өнегелі ене болу да, келісті келін атану да оңай шаруа емес. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақ тәрбиешісі боп саналатын ене мен келіннің қай-қайсысы да үлгілі, ақылды болуға міндетті. Өйткені енелер есті, ұлағатты, ғибратты, келіндеріміз көргенді, ибалы, инабатты болса, ұлдарымыз намысты әрі қайсар болары ап-анық. Осы бағытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының ұйымдастыруымен өткізілген «Есті ене мен көргенді келін» атты сайыс көрермендердің көңілінен шыға білді.
Тартысты сайысты Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев қысқаша сөйлеп ашты.
Бүгінгі байқаудың бір ерекшелігі – ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан ғасырға жетіп отырған. Ене мен келін арасындағы дәстүрді жалғастыру мақсатында бір отбасындағы енелер мен келіндердің қарым-қатынасын үлгі ретінде көрсеткелі отырған байқаудың басты міндеті болып отыр. Осы арқылы олардың ауыз біршілігін сақтауы, жарасымды отбасы, отбасының беріктігін сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде ененің ролін көрсете білу. Жаңа өмірге қадам басқан келінге әрдайым қолдау қажет екендігін дәріптеу болып табылады – деп сөзін қорытқан Еркімбек Бейсембекұлы сайысты өткізуді ұйымдастырып отырған Аналар алқасына алғысын білдіре отырып, бақтарын сынап, баптарын шындап тұрған енелер мен келіндерге сәттілік тіледі.
Аталған сайыс басталар алдында ардагерлер құрамынан құрылған «Әулиеата» ансамбілінің тамылжыта орындаған әндері көрермендерді бір серпілтті.
Бұдан кейін 6 жұптан жасақталған енелер мен келіндер алты кезеңнен тұратын сайысты бастап кетті.
Атап айтқанда:
1.Ене мен келіннің бір-бірін таныстыруы. Бұл бөлімде ене мен келін бірін-бірі таныстыруы әзіл түрінде, не айтыс түрінде таныстырады. Келін мен ененің сөз саптауы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ибасы мен инабаты, киген киімі сынға түседі.
- «Білгенге маржан». Сұрақ-жауап ретінде өтеді. Отбасылық құндылықтар, тұрмыстық салттар.
- «Әйел – үйдің қазығы». Ене мен келіннің түсінік-танымын көрсету, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты бейнебаян дайындау.
- «Ата-мұра асыл қазына». Ене мен келіннің қолөнері мен ісмерлігі, тоқыма, құрақ, ою-өрнек, әшекей бұйымдарын бейнебаян арқылы көрсету.
- «Өнерлі өрге жүзеді». Өнерлерін ортаға салу, ән айтып, би билеу, суырып салма тапқырлығы, көркемсөз шеберлігін көрсету.
- «Қонақ жайлылық – ата дәстүріміз». Үй тапсырмасы. Ұлттық тағамдар . Әр отбасының сүйсініп жейтін тағамы, оның жасалу рәсімін түсіндіру.
Сайысқа қатысушылардың барлығы да үлкен дайындықпен, асқан шеберлікпен келгендігін көрермендерге паш етті. Әділ қазылар алқысының ұйғарымымен ене мен келін Айжан Абдешова – Диана Тәжібаева бірінші орынды иеленді. Екінші орынға 2 үміткер көтерілді. Олар – ене мен келіндер: Сандуғаш Үсенова – Таңшолпан Сағындықова және Құралай Махатова – Назерке Мақұлбекқызы. Ал, сайысқа қатысушы 3 ене мен келін: Мейрамкүл Исмаилова – Әйгерім Байыс, Эльмира Базарбекова – Меруерт Садуақасова және Гүлмира Қарабаева – Айдана Турбаш үшінші орындарды қанағат тұтты.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова және Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова сайыстың жабылу салтанатында осы шараның өткізілуіне арнайы атсалысып, демеушілік көрсеткен «Елу жылда ел жаңа» қоғамдық бірлестігіне және Тараз қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына алғыс сезімдерін білдіріп, жүлдегерлерді арнайы дипломмен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.