Қазақстанның атауын өзгерту ұсынылды
Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф мемлекет атауын өзгертуді ұсынды. Елші «Қазақстан» атауындағы «стан» жұрнағын алып тастау керек деп есептейді. Ол енді «Қазақстан» емес, «Қазақ мемлекеті» деп атауды ұсынып отыр деп хабарлады turkystan.kz.
Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретіндігін жазған ол, мемлекет атауын өзгерту туралы пікірін желідегі парақшасына жазды.
«Бүгінгі таңда 193 мемлекет – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше. Олардың қатарында 7 мемлекеттің атауы «стан» жұрнағымен аяқталады: Afghanistan, Kazakhstan, Kyrgyzstan, Pakistan, Tajikistan, Turkmenistan және Uzbekistan.
Стан – парсы сөзі, ел деген мағына береді. Сөздің шығу төркініне үңілсек, жер (land) деген ұғымға да сай келеді. Ирандықтар провинцияны («Остан») дейді. Остан мен Астана – түбірлес сөздер.
Ирандағы 31 провинциясының бесеуі «стан» жұрнағымен аяқталады: Күрдістан, Лурестан, Хузестан, Систан мен Белужистан, Голестан. Оның үстіне, Иран тұрғындары аудан орталықтарын «шахрестан» дейді. 324 шахрестанның алтауы да «стан» жұрнағын жалғап алған: Такестан, Дештестан, Тенгестан, Ларестан, Эрдестан, Бажестан.
Ауғанстанда – Нуристан, Пәкістанда – Белужстан, Гилгит-Балтистан провинциялары, Иракта – автономды Ирак Күрдістан аймағы, Әзірбайжанда Гобустан қаласы бар. Сонымен қатар Ресей Федерациясында – Татарстан, Башқұрстан мен Дағыстан республикалары, Өзбекстанда – Қарақалпақстан республикасы бар.
Осы 7 ел, 20 ірілі-ұсақ елді мекендердің атауларына көз жүгіртсек, «стан» ұғымы БҰҰ-ның ресми терминімен айтқанда – «мемлекет» (State) мағынасын бермейді. Сондықтан, менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысшасы), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек», – делінген Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шарифтің парақшасында.