Допингпен күреске миллиардтаған қаржы бөлінуде
1 млрд. 789 млн теңге. Бұл – спорт комитетінің 2016 жылдан бері допинге қарсы іс-шараларға бөлген қаржысы. Бұл туралы Мият Кәшібайдың телеграм арнасы жазды.
Комитет «спортта допингтің қолданылуына қарсы іс-әрекет жасау үшін және оны жою мақсатында» жыл сайын тендер өткізеді. Тендерді «тікелей бір көзден сатып алу тәсілі» арқылы спорт комитетіне қарасты «Допингке қарсы ұлттық орталық» деген меммекеме ұтып алады.
Назар аударатын жайт, допингке қарсы іс-шараларға бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп келе жатыр. Мысалы, спорт комитеті осы мақсатта 2016 жылы 4,8 млн, 2017 жылы 106,6 млн, 2018 жылы 266,5 млн, 2019 жылы 338,3 млн, 2020 жылы 328,4 млн, 2021 жылы 392,7 млн, 2022 жылы 352,3 млн теңге қаржы бөлген.
Бұдан бөлек, спорт комитеті жарыс уақытында және одан тыс уақытта спортшылардың биологиялық сынамаларын зерттеуге де жыл сайын қыруар қаржы жұмсайды. Комитет бұл қызметті атқаруды «Спортшылардың допингке қарсы зертханасы» деген меммекемеге тапсырады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, комитет 2016 жылдан бері жарыс уақытында және одан тыс уақытта спортшылардың биологиялық сынамаларын зерттеуге 1 млрд, 364 млн теңге қаржы бөлген.
Жоғарыдағы фактілерге сүйенсек, спортшылардың допинг қолданған-қолданбағанын анықтау үшін де, допинг қолданудың алдын алу мақсатындағы профилактикалық іс-шараларға да қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ біздің спортшылар халықаралық жарыстарда допингпен жиі ұсталады. Сонда Қазақстан халқының салығынан бөлініп жатқан миллиардтардың желге ұшқаны ма?