Елдос Сметовтің бапкері министрліктен араша сұрауда

0 321

Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевті қызметінен алып тастауы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

Ол ерлер құрамасының бас бапкері болып, 2020 жылдың қараша айында тағайындалған, деп хабарлайды Экспресс К.

Жан-жақтан бапкерлер хабарласып, сізді алып тастайтынын естідік деп сұрап жатыр. Қазір дзюдо федерациясында президент жоқ. Соған қарамастан президенттің міндетін атқарушы Асхат Жіткеев осындай әрекетке барып отыр,

— дейді Ғалымжан Жылкелдиев.

Оның айтуынша, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев бас бапкерді бұрыннан жақтыра қоймайды екен. Осыған дейін федерацияның бұрынғы президенті Қайрат Қожамжаров қолдау көрсеткендіктен, тиісе қоймаған. Ал Қожамжаров орнын босатқан соң, осы мүмкіндікті пайдаланып отыр дейді.

Сенатор Қайрат Қожамжаров дзюдо федерациясын 2018 жылдың қараша айынан биылғы жылдың наурызына дейін басқарған.

Федерация менен бөлек, Дидар Хамзаның әкесі әрі жеке бапкері Марат Файзиев пен Мұрат Кеңтоновты да қызметінен кетірмек. Ол екеуі менің штабымда жұмыс істеп жүрген,

— дейді бас бапкер.

Кейбір дереккөздердің мәліметі бойынша, бас бапкерлікке республикалық спорт колледжде жаттықтырушы болып жүрген Нұрбол Сүлейменовті тағайындауы мүмкін.

Естуімше, олар мені қызметтен алу туралы құжатты дайындап, министрлікке өткізген. Енді министр Дәурен Абаевтың қол қойғанын күтіп отыр екен,

— дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

Жылгелиев талай балуанның томағасын сыпырған. Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовті бала күнінен баптап келеді.

«Өзіме қойылған міндеттерді атқарып келе жатырмын. Былтыр Токио Олимпиадасынан, әлем чемпионатынан жүлде алдық. Енді, Париж Олимпиадасына дайындықты бастап кеттік. Биыл Азия ойындары мен әлем чемпионаты бар. Егер осы жарыстардан нәтиже көрсетпей жатсам, өзім-ақ кетемін ғой. Ал мынау еш түсіндірместен қызметімнен кетіруге әрекет етіп жатқаны тіпті ақылға сыймайды», — дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

Оның айтуынша, балуандардың бәрі бас бапкерді қолдап отыр екен. 16 сәуірде оқу-жаттығу жиын жоспарланған. Дәл жиынның алдында осындай жаңалықтың тарауы бапкерлер мен спортшылардың көңілін түсірген.

Осыған байланысты Спорт және дене шынықтыру комитеті мен дзюдо федерациясының жауабын күтеміз.

Ғалымжан Жылгелдиев 1970 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорттың бұл түрінен екі рет әлем чемпионатында қола медаль еншілеген. Жаттықтырушылық жолын 1987 жылы Жамбыл облысының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. 1998-2001 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Сұңқар» спорт клубында жаттықтырушы, одан кейін Жамбыл облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2006 жылға дейін оқушыларды жаттықтырған. 2006 жылдан бастап қызмет жолын Алматы қаласындағы Каркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мемлекеттік мектеп-интернат-колледжінің дзюдо жаттықтырушысы ретінде жалғастырған. 2015 жылдан бері Жамбыл облысында Олимпиадалық резервті даярлау орталығында дзюдо бөлімінің аға жаттықтырушысы, 2017 жылдан бастап Қазақстан ерлер құрамасының аға жатттықтырушысы болды. Ал 2020 жылдың қараша айында бас бапкер болып тағайындалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.