Айгүл Елшібаева ұшақ бортында «арақ ішіп, шу шығарды» деп айыпталуда
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева ұшаққа мінемін деп полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Әнші стюардессамен сөзге келіп қалған. Айтуынша, қазақша бір ауыз білмейтін жолсерік оның сөздерін қате түсініп, үстінен арақ ішіп, шу шығарды деп арызданған. Оқиға “Air Astana” компаниясының ұшағында болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жағымсыз оқиға жайлы Елшібаеваның өзі Instagram-дағы парақшасында бөлісті.
«Менің мәселем, @airastana стюардессасының, басқа ұлт өкілінің қазақ тілінде менің айтқан сөзімді түсінбей жала жапқанымен, менің үстімнен әуежай полициясына арыз жазғаны жаныма батты. Ұшақ ұшып қонар кезде, орындығыңды түзе дегесін, 3-рет бастым да, орындық ақауы бар екен, орнына түспей, 3-рет артымдағы адам итеріп қалпына келтірді. Жабық терезені аш деді, оны аштым.
Қақылдап қоймады ғой қанды ішіп, мына қыз ұйықтап жатқанда дегеніме, мен жаман сөз айтқандай, орысша тәртіпке келтіріп жатқасын, “ұйықтап жатырмын, мазамды алма” дедім.
“Девушка, я буду на вас жаловаться”, – деп салонға естірте айтқасын, намысыма тиіп, шыдай алмай:
“Если кресло не работает, я виновата что-ли? Тогда ремонтируйте”, – деп айқайлап жібердім. Салон естіді, екінші стюардесса «тише-тише» деп жатқасын, ұйқымды жалғастыра бердім», – деген Елшібаева оқиға осымен аяқталды деп ойлаған.
Алайда борттан шыға берісте әншіні полиция қызметкерлері күтіп алыпты. Әлгі стюардесса әншіні тәртіпке бағынбады деп айыптаған. Ол аздай, «ішімдік ішті» деп жала жапқан көрінеді. Елшібаева өзін ақтау үшін «сау» деген анықтама алуға мәжбүр болғанын ашына жеткізді.
«Бір ауыз қазақша түсінбейтін стюардесса орыс қыз жала жауыпты. “Сіз сау екенсіз ғой, сізді мас деп жүрер, справка алыңыз” дегесін, өмірі арақ ішіп көрмеген ғазиз басым бөлімшеге барып аппаратын үріп, сау деген справка алдым. Стюардессам – орыс қызы, қазақ тілінде түсінем деп қояды, бір ауыз сөйлей алмайды, өз елінде қор болған қазақ тілім-ай», – деді Елшібаева.
Әнші сол күні белгілі адвокат Абзал Құспаннан көмек сұрағанын атап өтті. Заңгер әуе компаниясы қызметкерінің әрекетін заңсыз деп таныпты.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Абзал Құспан хаттама толтырған полицеймен болған диалогты жариялады. Айтуынша, полицейлер стюардессаның сөзіне бола, әншінің үстінен әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдаған.
Ал бұл аралықта “Air Astana” компаниясы әншінің шағымына жауап берді.
«Сізбен бұндай оқиға болғаны біз үшін өте өкінішті. Аir Astana компаниясы үшін жолаушылардың қауіпсіздігі ең маңызды шарт, сондықтан барлық жолаушылар борттағы ережелерді орындау керек. Егер қызметкеріміз сізбен дөрекі сөйлескен болса, біз міндетті түрде шара қолданамыз. Бірақ ол үшін біз борттағы басқа жолаушылардың және әуекомпаниясы қызметкерлерінің жауабын алу керекпіз. Біз сіздің шағымыңызды клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлеріне жібереміз. Әріптестеріміз тексеріс жүргізіп, сізбен міндетті түрде хабарласады», — делінген компания мәлімдемесінде.