Ұлы мен қызы бар: Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасы қазір қайда?
Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берді. Ол марқұм інісінің өліміне шынайы кінәлілердің әлі жазаланбағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, оның артында қалған ұрпағы жайлы айтты.
Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлының артында қалған келіншегі мен ұл-қызы Ұлыбританияда тұрып жатыр. Бүгінде ер жеткен балалар жоғары оқу орнын тәмамдап, бір-бір мамандықтың иесі атанған.
«Бір ұлы, бір қызы бар. Келініміз, бәрі Ұлыбританияда. Ұл да, қыз да мамандық алды, жұмыс істеп жүр.
Алтекең қайтыс болардың алдында балалар Мәскеуде болды. Оқулары біткен соң, елге келуі керек болатын. Оған анадай жағдай болды-дағы, балалар сол күйінше Мәскеуде қалды.
Кейін балалар Англияға оқуға түсті. Кейін аналары қастарына барды.
Балалары әкелерін өте қатты жақсы көрді. Оларға өте ауыр болды. Қасында анасы болмаса, қиын ғой», – деді Рысбек Сәрсенбай.
Алтынбек Сәрсенбаевтың ұлы Бекжан бүгінде 24-те. Ағасының айтуынша, әкесін өлтіргендерден кек алатын ойы жоқ.
«Бекжаным өсті. Бірақ ол кек алмайды, мен де кек алмаймын. Алтекең қайтыс болған кезде мен: «Осы қылмысты жасатқан адамды қалай да табамын. Жазасын алғызамын», – деп ант бергенім рас.
Ол кезде Бекжаным кішкентай ғой. «Балам, мұндай жағдайда адам кектенеді. Мен кек аламын», –дегенде Бекжаным: «Мен кек алмаймын, ата», – деді. Кекшіл емес. Алтекең де кекшіл емес еді. Кек қайтару керек емес, бірақ әділеттілік жеңуі керек», – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Рысбек Сәрсенбайұлы арада 16 жыл өтсе де, інісінің өліміне шынайы кінәлілердің жазаланбағанын мәлімдеді. Ол түбінде қастық жасаушылардың анықталатынына сенім білдірді.