Шағын шаһардың шырайы кірсін десек…
Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді.
Күн сайын көркейіп келе жатқан Жаңатастың ажары оның тазалығына да байланысты.
Қаламыздың тазалығы қазіргі таңда басты назарда екені бәрімізге мәлім.
Міне, осы орайда жуырда қалалық әкімдіктің мәжіліс залында жиын болып өтті.
Жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, қала әкімі Дүйсенәлі Борсықов, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Имашев, аппарат басшысы Жұмат Сақыпбеков және «Жаңатас-Су-Жылу» КММ-нің басшысы Ғани Ысқақов, аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, қала әкімі аппаратының мамандары, көпқабатты тұрғын үйлерге қарайтын қоғамдық жұмысшылар қатысты.
Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қала тазалығына аса мән беру керектігін, басты мақсат-қаламыздың тазалығы, көркеюі мен гүлденуіне өз үлесімізді қосу керектігін айтып өтті.
Сонымен қатар, қала аумағындағы барлық жеке кәсіпкерлерге өз аумағын тазалап, ал тұрғындардың үйлерінен шығарған қоқыстарды белгіленген жерге тастауды қатаң қадағалау тиіс екендігін ескертті.
Тазалық жұмыстардың, көктемгі көріктендіру және көгеріштендіру айлығының ерекше қарқынмен өткізілуін қадағалауды аудан әкімінің орынбасары Ерлан Имашевқа тапсырды.
Барлық мекеме басшылары мен қызметкерлерін,қоғамдық жұмысшылардың ең басты назар қаланың тазалығы мен әдемілігінде болу керектігін, сондықтан да қаланың тазалығы үшін жұдырықтай жұмыла бірігіп жұмыс атқаруға шақырды.
Сонымен қатар, тұрғындарды сенбіліктерге тарту, тазалық жұмыстарына жұмылдыру, қоқысты уақытылы жинау, уақытылы шығару тиіс екендігін ескертті.
Мұнан соң аудан басшысы бөлім басшыларымен таныса отырып, атқарылуға тиісті жұмыстарды, қала бойынша жылу барысы, ыстық және мұздай сулардың берілуі жөнінде сұрап білді.
Камели Сүлейменова