Украина-Ресей соғысы: Әлем елдері қандай әрекет етуде?

0 629

Украина мен Ресей арасындағы соғысқа әлем елдері реакция білдіріп жатыр. Батыс елдері Владимир Путиннің саясатына ашық қарсылық білдіріп, оған батыл жауап берілетінін жария етті. Ал қос шептің ықпалынан тыс мемлекеттер әзірге бейтарап ұстанымда отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АҚШ президенті Джо Байденнің соғыстың басталуына байланысты мәлімдемесі Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.

«Бүкіл әлем қазір ресейлік қарулы күштер тарапынан шабуылға ұшыраған Украинамен бірге дұғада. Президент Путин қасақана соғыс жолын таңдады. Оның салдары адам өлімінің көптігіне және қаншама қайғыға себеп болады. Осы шабуыл әкелетін өлім-жітім мен күйреулер үшін Ресей ғана жауапты болады. Ал АҚШ пен оның одақтастары оған жұмылған түрде әрі батыл жауап береді. Әлем Ресейді жауапкершілікке тартады», — дейді ол.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон твиттерге жазды.

«Мен Украинадағы қорқынышты жағдайға алаңдаулымын. Президент Зеленскиймен сөйлестім. Біз онымен бірге алда жасалатын қадамдарды талқыладық. Президент Путин Ресейге шабуыл жасай отырып, қантөгіс және қирату жолын таңдады. Ұлыбритания мен біздің одақтастар батыл жауап береді», — деді ол.

Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрінің орынбасары Джеймс Клеверли британ тарапынан енгізілетін санкциялар («брекситтен» кейін Лондон санкцияларды Еуроодақтан бөлек салады)Ресей тарихындағы «ең ауыр әрі қуатты болатынын» мәлімдеді.

Германия канцлері Олаф Шольц мен Франция президенті Эммануэль Макрон «Украинаны қолдайтынын» мәлімдеді.

Ал Еурокомиссия президенті Урсул фон дер Ляйен Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакеті әзірленетініне уәде берді.

«Владимир Путин «Еуропаға тағы да соғыс әкелді. Сол үшін ресейлік экономиканы әлсірететін және оның жаңғыруын шектейтін қатаң санкциялар пакеті әзірленуі керек», — дейді Еурокомиссия президенті.

Одан бөлек Урсул фон дер Ляйен ресейлік активтерді бұғаттап, ресейлік банктердің Еуропадағы қаржылық нарыққа кіруіне шектеу қоюға уәде берді. Оның айтуынша, санциялар Ресейдің әскери саласын қаржыландыру мүмкіндігін шектеуі тиіс.

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің мәлімдемесі НАТО сайтында жарияланды.

«Мен Ресейдің Украинаның бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін, жарияланбаған шабуылын қатты айыптаймын. Біздің бірнеше рет берген ескертуіміз бен дипломатиялық күш-жігерімізге қарамастан, Ресей егеменді және тәуелсіз елге қарсы агрессия жолын таңдады», — деді ол.

Столтенберг бұл жағдайды халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы және еуроатлантикалық қауіпсіздікке елеулі қауіпке теңеді.

«Мен Ресейді соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға және Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырамын. НАТО елдері Ресейдің агрессивті әрекеттерінің салдарын талқылау үшін кездесу өткізеді. Біз осы қорқынышты уақытта Украина халқын қолдаймыз. НАТО барлық одақтастарды қорғау және қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.