Мемлекет ішіндегі хандық: Назарбаев университетінің құпиясы қандай?

0 830

Кезінде салық төлеушілер есебінен құрылып, мемлекеттік меншікті тегін иемденіп алған «Назарбаев Университет», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» сынды активтерді ұстап отырған «Назарбаев Фондтың» ендігі тағдыры не болады?

Егер ол жекеменшік деп танылып, экс-президенттің мұрагерлеріне қалатын болса, онда мемлекет тағы да ұтылмақ.

Жеке қордың ірі активтерінің бірі – «Назарбаев Университет» әу баста «Астананың жаңа университеті» деген атпен құрылып, оған сол кезде Премьер-Министр болған Кәрім Мәсімов үкімет резервінен 64 миллион теңге бөлдірген болатын. Артынан ол «Назарбаев Университет» болып қайта құрылды да, ғимараттарының құрылысына, жер телімдерін жекеменшік сектордан сатып алуға 2010 жылы бюджеттен қыруар қаржы кетті.

Ал Асқар Маминнің премьер болған дәуірінде «Назарбаев Университет» одан да зор олжаға кенелген. Үкіметтің 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының» 100 пайыз акциясы Университетке беріледі.

«Назарбаев университет» 2010 жылдан бері өзінің қаржылық есебін ашық жариялаған емес. Бірақ, кардиохирургия орталығының қаржылық есебін сараласақ, 2020 жылы жарғылық капиталы 15 миллиард теңге, бір жылдық «выручкасы» 12,3 миллиард теңге, таза кірісі 89 миллион теңге болғанын байқауға болады. Одан бөлек, «Назарбаев Университет» былтыр мемлекеттік бюджеттен 20 миллиард теңге алған. Биыл да бюджеттен дәл сондай көлемдегі қаржы келуі тиіс.

Осы активтер, қаржы қалай жұмсалуда? Өкінішке қарай, ол қоғамнан жасырылып отыр. «Назарбаев Фонд» президенті Аслан Сәрінжіпов университет қызметі «үлкен төрттіктің» бірімен (ірі 4 халықаралық аудиторлық компаниялар) аудиттеледі деді. Ендеше аудиторлық есеп НЕГЕ жарияланбайды?

Nege.kz «Назарбаев Университеті» баспасөз қызметіне де, Аслан Сәрінжіповтың өзіне де аудиторлық есепті сұратып, сауал жолдаған болатын. Сауалдарымыз жауапсыз қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.