Қазақ халқында сақталған оғаш ырымдар: Ұйқыдағы адамды оятпау, қоштасарда қолды бермеу және тырнақ алмау
Тараз қаласына жақын ауылдардың бірінде туылған 67 жастағы Айдар Қыстаубаев ресейлік журналистке қазақ халқының арасында әлі күнге дейін сақталған ежелгі дәстүрлер мен ырымдар жайлы айтып берді. Ал бұл әдеттердің қаншалықты дұрыс екенін тарих ғылымдарының кандидаты Дмитрий Шипелов түсіндіріп берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айдардың айтуынша, оның ата-бабасы 1930 жылы ашаршылық жылдары мен реформалар басталған уақытта Қазақстаннан Қырғызстанға кетіп, 1960 жылдарда қайта оралған.
«Мен Ресейде білім алдым және бір уақытта басқа аймақтарда мүлдем ұстанбайтын әдеттерді ұстанып жүргенімді түсіндім. Біздің отбасымызда қазіргі таңда жабайы болып көрінуі мүмкін өзіндік дәстүрлер болды. Қалай болғанда да, мен оларды әлі де ұстанамын – одан ешқандай жамандық келмесі анық. Жақсы болары да болмасы да ешкімге белгісіз», — дейді Айдар Қыстаубаев.
№1 ырым: «Ұйқыда жатқан адамды оятуға болмайды»
«Әкем ұйықтап жатқанда, біздің біреуіміз, балалардың бірі жүгіріп барып әдейі оятатын болса, әжем қатты ұрсатын. Анам да әкемді ешқашан оятқан емес. Әлбетте, оятқыштың көмегімен барлығы белгіленген уақытта ұйқыларынан тұратын. Бірақ біздің отбасымызда, жалпы, адам өзі қалаған уақытта оянуы керек деп санайтын, оны оятудың қажеті жоқ», — дейді тараздық ақсақал.
Бұл ырымға тарих ғылымдарының кандидаты Дмитрий Шипелов түсінік береді.
«Мұны әрине, қарапайым алаңдаушылықпен түсіндіруге болады. Бірақ, жалпы алғанда бұл кең таралған наным – тек қазақтарда ғана емес: ғасырлар бойы адам ұйықтап жатқанда жаны тәнінен шығып, саяхаттап кетеді деп есептелген. Егер адамды мезгілсіз оятсаң – жаны қайтып оралмай қоюы мүмкін. Мұндай дәстүрлер өте берік және ғылыми прогрестің дәрежесіне қарамастан халық арасында сақталған», — дейді Шипелов.
№2 ырым: «Қоштасарда – қолыңды берме»
Қазақи ырым: «Әрине, бөгде адамдармен амандасып, қоштасқанда қол беретінбіз. Алайда өз арамызда (бауырлармен немесе жақын достармен) қол алыспайтынбыз».
Ғалымның түсінігі: «Шындығында, көптеген елдерде «қол алысу» адамдар арасындағы қарым-қатынастың жақын элементі болып саналмайды. Бұл негізінен ресми еуропалық әдет. Қазақтар мен кейбір басқа түркі халықтарына келсек, қол алысу – енді бір-біріңді көрмеудің жаман белгісі»
№3 ырым: «Тамақты аяқ асты етуге болмайды, тіпті ол жерге түсіп кетсе де»
Қазақи ырым: «Мені осылай үйреткен – жеуге жарамды асты жерге түсіріп алсам, мен оны қоқысқа емес жануарларға апарып беруім тиіс. Артылып қалған тамақтар бар ма? Аулада жүрген итке апарып бер, тек лақтырып жібермесең болды. Сонымен қатар, біз тағамнан аттап өте алмаймыз немесе жүріп бара жатып ас шайнамаймыз – әкем мұны маған бала кезімнен үйретті, достарым да осындай тәрбие алғаны анық».
Ғалымның түсінігі: «Тағамға қасиетті нәрсе ретінде, өте классикалық көзқарас қалыптасқан. Жазық далада азық табу оңай емес, әрине мұндай көзқарасқа Қазақстанда 1930 жылы болған ашаршылық кезеңі де үлкен із қалдырған».
№4 ырым: «Тәттілер – әйелдер мен балалар үшін»
Қазақи ырым: «Мен әлі күнге дейін тәтті жемеймін. Біз әрқашан тәттілер әйелдердің тағамы деп есептеп келдік. Атам ешқашан тәтті тоқаш пен кәмпит жеген емес, әкем де, мен де солаймын. Ұлыма алайда бұл әдет әсер етпеді».
Ғалымның түсінігі: «Шынымды айтсам, бұл жайында естімеппін. Мүмкін бұл еркектікті сақтап қалу мен өзін-өзі шектеудің қандай да бір элементі болар».
Қазақстандық ақсақал тырнақ алудың шектеулері туралы да айтты.
«Әжем ауырып жатқан балалардың бірінің тырнағын алғанын көрсе, ұрсатын. Тырнақты алмасаң келген ауру тезірек кетеді деп санайтын. Және ол мұндай көзқарастағы жалғыз адам емес еді, мен мұндай ырымдар сақталған көптеген қазақ отбасыларын білемін», — дейді Айдар Қыстаубаев.