Енді күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барғандар жазаланады: Тіпті түрмеге тоғытады
Ауғанстанда Талибан қозғалысының билігі жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде бекітті. Бұл құжат бірқатар құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырады.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа кодекстің кей баптары тұрмыстық зорлық-зомбылықты іс жүзінде заңдастырып, әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын шектейді. Құқық қорғаушылар жазалардың тепе-теңдігіне де күмән келтіреді. Олардың айтуынша, әйелге дене жарақатын салғаны үшін тағайындалатын жаза кейбір өзге құқықбұзушылықтармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін.
Даулы баптар
Ең көп талқыланған нормалардың бірі – ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық мәселесіне қатысты 32-бап. Құжатта «әдепсіз күш қолдану» арқылы әйелін ұрып-соққан ер адам, егер «көзге көрінетін жарақат немесе көгеру» анықталса, 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда бұл жаза тек әйел сотта зорлық фактісін дәлелдей алған жағдайда ғана қолданылады.
Сондай-ақ 34-бапта күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барған әйелге және оны қайтарудан бас тартқан туыстарына үш айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сарапшылардың бағалауынша, кодекс жеке құқықтардан гөрі әлеуметтік бақылау мен патриархалдық қағидаларды басым қояды. Құжат әйелдердің жүріп-тұруына, қарым-қатынасына және отбасылық шешімдеріне қатаң шектеу енгізіп, зорлық-зомбылықтан қорғану тетіктерін шектейді.
Діннен бас тартуға қатысты жазалар
Жаңа кодексте ислам дінінен бас тартқан адамдарға да қатаң санкциялар қарастырылған. 58-бапқа сәйкес, діннен «безген» әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айырылып, тәубесіне келгенге дейін әр үш күн сайын 10 дүре соғылуы мүмкін.
Ал ер адамдарға қатысты өзге тәртіп қолданылады: Ханафи мазхабы қағидаларына сәйкес, оларға тәубеге келу үшін үш күнге дейін уақыт беріледі, одан кейін өлім жазасы қарастырылуы ықтимал.
Құқық қорғаушылар бұл нормаларды заң қолданудағы гендерлік теңсіздіктің айқын көрінісі деп бағалап отыр.
Arasha.kz коллажы / ЖИ