Тәуелсіздік құрдасы

0 299

Осыдан 30 жыл бұрын елімізде азаттықтың таңы арайлап атқан шақта дүние есігін ашқандардың бірі Турунч Искандарова. Байзақ ауылының тұрғыны Турунч Насраддинқызы – қазіргі заманғы табысты ұрпақтың лайықты өкілі. Ол 1991 жылы 15 желтоқсанда қарапайым шаруа отбасында алтыншы бала болып дүниеге келген. Сондықтан, Тәуелсіздік күні ол үшін үлкен мереке.
— Әрине, тәуелсіз мемлекетте дүниеге келгеніме қуанамын. Тәуелсіздік таңымен таласа дүние есігін ашқандықтан, бұл күн мен үшін ерекше ыстық. Мектепте орыс сыныбында оқығаныммен, қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызуғышылығым басым болды. Қазақ достарыммен тай-құлындай тебісіп, тең өстім. Біз – жастар еліміздің осы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарына сүйсінеміз. Әрине, аға ұрпақ бастаған тарихи жолды жалғастыратын да бүгінгі жастар екенін түсінеміз. Тарих үшін азғантай уақытта, яки 30 жылда еліміз өткен жолдың өткелекті болғаны да рас, — дейді кейіпкеріміз.
Турунч Насраддинқызы 1999 жылы С.Абланов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, сонда оқуды үздік бітіріп, 2010 жылы Жамбыл техникалық колледжіне «Экономист-бухгалтер, есеп және аудит» мамандығына грантқа оқуға түскен. Арайлы азаттық таңымен таласа туғаннан болар, ол, мектеп қабырғасында өте жақсы оқу үлгерімімен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Пәндік олимпиадалардан, байқаулардан жүлделі орындарға ие болып, топ жарғандардың бірі екен.
Алғашқы еңбек жолын Ботамойнақ ауылдық округінің әкімдігінде «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасса, кейін келісім-шарт бойынша штаттан тыс қызметкер, туған ауылындағы «Қазпошта» бөлімшесінің меңгерушісі, бөлімше басшысының орынбасары, ал, бүгінгі күнде бөлімшенің облыстық филиалында «Қызметтер енгізу» секторының бастығы қызметін атқарып келеді.
— Ұлтым түрік болғанымен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Мемлекеттік тілде марқұм ата-анам да жақсы сөйлейтін. Сол кісілер қазақ тілін, қазақ ұлтының салт-дәстүрін, болмысын құрметтеуді әпкелеріме және маған  үйретті. Қазақ халқының ұлттық мейрамдарын асыға күтемін. Әсіресе жыл басы саналатын – Наурыз мерекесін қатты жақсы көремін. Түрік халқының да осы мейрамға ұқсас келетін “Невруз” деген ұлттық мереке бар. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтан, елім деп, Отаным деп Қазақстанды есептеймін. Осы үшін бақыттымын.
Бүгінде тәуелсіздіктің арқасында биік белестерге көтеріліп отырған Қазақстанның әлем алдындағы беделі мен абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Сондықтан біз тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын маман болып шығуға талаптануымыз керек. Бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысу ғана біздің өміріміздің мәні. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен айқын аңғарылуда. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс, — дейді Турунч.
Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Ел әлеуетінің асуы да, дәулетіміздің тасуы да жас ұрпақтың қолында. Өйткені Елбасы бастаған ел ағалары Тәуелсіздіктің алғышарттарын жасап, мемлекетті толық құрды. Жастар болса осы даңғыл жолды жалғап, ел игілігі жолында тынымсыз еңбек ету керек.

Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.