Әділеттілік пен дамуға – бірлікте
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан басшысы Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясы Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының жұмыстары туралы жиын болып өтті.
Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясы Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, ауыл шаруашылық қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Базантай Данияров, ауыл шаруашылық қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанәлі Көбеев, «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Шамсат Исабеков, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, бірқатар бөлім басшылары, кәсіподақ ұйымдарының төраға-төрайымдары, кәсіпкерлер және мекеме басшылары қатысты.
Басқосу барысында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Жиенәліұлы бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдарының қоғамда алар орны туралы кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, кәсіпорын басшыларына Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының атқарып жатқан жұмыстарының негізгі бағыттарын айта отырып, еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғау және әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымын құру қажеттігін жеткізді.
Бұдан соң, облыстық филиал төрағалары Базантай Данияров, Шамсат Исабеков пилоттық жобаның Байзақ ауданынан бастау алып отырғанын, аталмыш ұйымның алдағы жоспарлары жөнінде ойларын ортаға салды.
— Біздің ауданда былтыр 6 наурызда жиын өткізіліп, маусым айында ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы болып мен тағайындалдым. Содан еліміздегі пандемияға байланысты жұмыс тоқтатылып, қазан мен желтоқсан айында аудан әкімінің қолдауымен аталмыш ұйымға мүшелікке тоқсан адам қабылданды. Хаттама негізінде кәсіподақ мүшелігіне өткен шаруаларға екі айлық көрсеткіш есебінде жарна бекітілді. Олармен 2020-2023 жылдар аралығына келісім-шарттар жасалды. Алдағы уақытта шаруа қожалықтардың айлық жалақыларын көтеруді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, азық-түлік себеттерін тараттық. Сонымен қатар, бір мүйізді ірі қара сойып, етін мұқтаж отбасыларға үлестірдік. Бес шаруа қожалық жетекшісі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталса, ал, ауыл шаруашылығы саласының төрт азаматы «Құрметті ардагер» атағына ие болды. Қазіргі таңда, аудан бойынша ұйымға 350 адам тіркелген. Бірақ, қазір аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығы және бөлім тарапынан қанша адамның жұмыспен қамтылғанын анықтаудамыз. Алдағы уақытта қатарымыз толыға береді деген сенімдемін, — деді Байзақ ауданы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гульнара Давлетбаева.
— Бізде аудан көлемінде бұрыннан қалыптасып, жұмыс істеп келе жатқан үш кәсіподақ ұйымы бар. Оның алғашқысы, үлкен сала саналатын білім беру саласы болып табылады. Онда қызмет етіп жатқан 2 700-ден астам педагог бар. Былтыр ұжым мен ата-аналар арасында болған қарым-қатынас кәсіподақтың араласуымен оң шешімін тапты. Екіншісі – мыңға жуық қызметкері бар денсаулық сақтау саласы бүгінгі күні белсенді жұмыстар жүргізу үстінде. Әрине, мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы бұрыннан қалыптасқан жұмыстарын атқарып келеді. Қызметкерлердің санаторийларға барып демалуына жағдай жасау, біржолғы материалдық көмек көрсетуде кәсіподақ өз міндеттерін атқаруда. Үшжақты келісім-шарт жасау, жұмыс берушілермен меморандумға отыру жұмыстарымен аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі айналысады, — деген Нұржан Молдиярұлы былтырғы жылы ауыл шаруашылығы фермерлер одағы филиалы мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ашылғанын атап өтті.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі бір ғимаратта отыруына байланысты ауыл шаруашылығы фермерлер одағы филиалы мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымына сол жерден бір кабинет берілгенін, онда шаруа қожалықтармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
— Біздегі ең үлкен проблема шағын және орта кәсіпкерлік. Жаңағы айтылған жеті мыңның ішінде үш жарым мыңдай жеке кәсіпкерлеріміз бар. Міне, солардың басын қосып, осы салада кәсіподақ ұйымын ашар болсақ, жергілікті атқарушы органдармен жұмыс берушілер және жұмысшылармен кері байланыс орнатылады деген ойдамын. Тағы да айтайын дегенім, жергілікті жердегі кәсіподақ ұйымдарының деңгейін көтеру үшін білім беру, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төраға – төрайымы аудандық мәслихаттың депутаттары атанып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын, — деп сөзін түйіндеген аудан әкімі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
— Қай мәселе болса да басшыға байланысты болары белгілі. Сондықтан, облыс әкімінің жуырда осы мәселені арнайы аппараттық жиында көтеріп, барлық аудан басшыларына тапсырма бергені, соны аудан басшысы ретінде Нұржан Молдиярұлының дұрыс қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Келе жатқан Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, дендеріңізге саулық, алдағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін, — деп Бағлан Жиенәліұлы жиынды қорытындылады.
Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ