«Мирас» отырысында мәдениет саласы сөз болды
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті.
Кеңестің күн тәртібінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы мен партияның жол картасының орындалу барысы қаралды.
Отырыста алғашқы болып облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Сәдубаевтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы Елбасының 7 қағидатын халыққа түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстардың жоспар бойынша кең көлемде жүргізіліп жатқанын, мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен ішкі саясат басқармасының бірлесіп Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатын талқылап, ашық диалог өткізілгенін атап өтті.
Сонымен бірге, кеңеске шақырылған қонақтар 7 тұғырдың әрқайсысы жөнінде пікір білдірді. Атап айтқанда, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы П.Мамедова бірлік пен келісім, «Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының» директоры С.Қалиев жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы жөнінде, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Р.Нұрақбаев отбасы мен салт-дәстүр тақырыбында, халықаралық Тараз инновациялық институты, имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс секторының жетекшісі Б.Бекназаров білім беру тақырыбы жөнінде тұшымды ойлармен бөлісті.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жүнісбай облыстағы мәдениет саласына қатысты партияның сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының орындалуы бойынша есеп берді.
Баяндамашының есебі бойынша Жол картаға мәдениет саласына қатысты 4 тармақ енгізілген. Аталған тармақтар кезең кезеңімен орындалуда. Атап айтқанда, жоспардағы 20 іс-шараның 13 шарасы ұйымдастырылған, қалғандары жыл соңына дейін өткізу жоспарланған.
Сонымен бірге, Жол картасындағы Қордай ауданындағы Отар ауылы, Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында мәдениет үйлері пайдалануға берілген. Қалған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.
Жиын соңында бірқатар ұсынымдар қабылданып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.