Әлеуметтік қолдау шаралары — басты назарда

0 175

Байзақ аудандық мәслихатының «Экология, табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының» кезекті отырысы өткізіліп, оған аудандық мәслихат депутаты Мырзағали Мадимаров төрағалық етті.
Күн тәртібі мен жұмыс регламенті бекітілген соң, «Байзақ ауданында аз қамтылған отбасыларды, көпбалалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының атқарылуы туралы» мәселесі бойынша аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Айтқұлов баяндама жасады.
Жарқынбек Әбдіманапұлы осы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 4 988  адамды қамту үшін оларға республикалық, облыстық және жергілікті бюджет есебінен барлығы 482812,0 млн. теңге қаржы қарастырылғанын атап өтті. Жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке 893 отбасы қайырылса, олардың ішінде 118 отбасына тағайындаудан бас тартылып, 775 отбасындағы 4 328 адамға 176933,1 млн. теңге тағайындалып, 726 отбасындағы  4 075 адамға 156620,0 млн. теңге төленген. Сонымен қатар, 674 отбасымен (3916 адам) әлеуметтік келісім-шарт жасалынған. Жалпы, еңбекке қабілетті 1 251 адам болса, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 297 адам тартылыпты. Жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 200 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде 140 отбасы мемлекеттік грант алған.
Нәтижесінде, жыл басынан атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 306 отбасы, 1 716 адамға төмендеп, белсенді атаулы әлеуметтік көмек алушылар 469 отбасы, 2 633 адамды құраған.
Баяндамашы өз сөзінде кепілдік берілген әлеуметтік топтама, «COVID – 19» таралуын болдырмау үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдары бар дәрі қобдишаларымен қамтамасыз ету, атаулы мереке күндері және жеке өтініштер бойынша берілген біржолғы қаржылай көмектер, «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына сәйкес, аудан аумағында атқарылған жұмыстар жайына кеңінен тоқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.