Мерейтойға толы жыл
Осы жыл меройтойлы даталарға толы болып тұр. Мәселен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, малшылардың маршалы – Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы секілді өзге де айтуыл мерейтойлар жетерлік. Ұлттың ұғымы бойынша ұрпақты ұлылар жолына бастауға негіз боларлық осындай іс-шаралардың елдік деңгейде ұйымдастырылуы шарт. Жер-жерде өтіп жатқан іс-шараның бірі Қордай ауданынында да лайықты деңгейде ұйымдастырылды. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткен «Жырлайды жүрек» атты III-ші Республикалық онлайн режимде өткен әншілер байқауында аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері бақ сынады. Додаға түсіп топ жарған жас талант Ернат Тәжібаев аталмыш байқауда арнайы жүлдеге ие болып, оған диплом және қаржылай сыйлыққа табыс етілді. Бүгінде ел аузында жүрген әнші Мади Шекербеков болса III дәрежелі дипломды қанжығаға байлап, арнайы жүлдеге ие болды.
Нақ осы Мәдениет үйі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаласынан туындаған міндеттің жүзеге асырылуы аясында және «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын ілгерілету, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасын жүзеге асыру мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын атап өту мақсатында ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Қазақстандық композиторлардың туындыларын жаңғырту, этно-фольклорлық ұжымдармен тәжірибе алмасу, жас шығармашылық топтар мен әнші-термешілерді таныту, шеберліктерін шыңдауды көздейтін шара жоғары деңгейде өтті. Одан бөлек Балалар мен жасөспірімдер және ұстаздар арасында өткен «Шабыт тарландары» атты халықаралық шығармашылық байқауда «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Әсем Таубалды бас жүлдені жеңіп алса, «Хореография» номинациясы бойынша Елена Борисеевич жүлделі І орынды иеленді. Ал, халықаралық «Берег мечты» онлайн шығармашылық байқауында вокал номинациясы бойынша «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблі I орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды.
Ұлтаралық татулық, қазақстандық бірегейлік мәселесіне келгенде де бұл салада атқарылған шаруа жетерлік. «Ынтымақты елдің іргесі берік!» атты арнайы жоба, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаң, «Рахмет саған – қазақ халқы!», «Қазақ еліне, мың алғыс!» атты мерекелік шаралар осы сөзімізге бірден-бір дәлел.