Тұрғын үй мәселесі шешімін таппақ
Барша жұрттың басын ауыртып, балтырын сыздатқан баспана мәселесінің тиісті деңгейде шешімін таппауы, яғни жұртшылықтың тұрғын үймен түгелдей қамтамасыз етілмеуі нарыққа бейімделген заманның салдары екені анық. Пәтерден-пәтерге көшіп-қонып, үйсіз-күйсіз жүргендердің дені қалтаның жұқалығынан немесе ипотекаға баспана алуға мүмкіндігі болмауынан. Жомарттың қолын жоқшылық байлаған мына заманда үй салу да, сатып алуда оңай боп тұрған жоқ. Елдің кем-кетігін бүтіндеп, жоқ-жітігін түгендейді деген мемлекетіміз тәуелсіздік жылдарындағы тоқырауды еңеремін дегенше баспанаға зәру тұрғындардың саны еселене түсті. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз қазіргі таңда оның салдарын әлі жоюмен айналысып келеді. Жыл сайын өңір-өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, көппәтерлі үйлердің сан мыңдаған адамға пайдаланылуға берілуі соның айғағы. Біздің өңірде де тұрғын үй мәселесін түбегейлі болмаса да, біртіндеп шешу мақсатында бір кездері жылына әр қайсысы 60-70 пәтерден тұратын 20-30 көпқабатты тұрғын үй салынып, кем дегенде 700-800 отбасы қоныс тойын тойлап жүрді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ең өзекті әлеуметтік мәселеле болғандықтан әрі қалалық жердегі тұрғындарының санының артуынан тұрғын үйге қол жеткізу қарапайым адамдар үшін әлі де асқақ арман болып келеді. Десе де мемлекеттің басты саясатының бірі халықты баспанамен қамту болғандықтан тұрғын үй құрылысы өңірде қарқынды жүргізіле беретіні анық. бұл шаруа қазір тек облыс орталығында ғана емес, адандарда да ауқымды түрде жүзеге асуда. Мысалы Қордай ауданында да халықты баспанамен қамтуға айрықша басымдық берілген. Жыл да тұрғын үй салу үшін бөлінетін қаржы көлемі де қомақты. Биыл осы ауданда 60 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйге 3,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылысы басталған болатын.
Аталған 9 үйдің ішінде 6 үй-ге қатысты 340 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, ал 180 пәтерді құрайтын 3 үй Гвардейск қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлеріне қызметтік пәтер ретінде берілмекші. Алдағы жылдарда батыс беттегі тұрғын-үй алқабында 60 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жобаалық-құжтамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатса керек. Одан бөлек, Қордай және Сортөбе ауылдарында бюджет саласының қызметкерлері, аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін 544 миллион теңгеге екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр екен.
Қазіргі таңда Қордай ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны кезекке тіркелген тізім бойынша 1983-ті құрапты. Осы жылғы бес айда берілген тұрғын үйлер 17,6 мың шаршы метрге жеткен. «Асар» жобасы арқылы үйге мұқтаж отбасыларға 5 үй беріліпті.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу мақсатында 13 000 азамат жер телімі кезегіне тіркелген екен. Осы кезекті азайту мақсатында Қордайдағы 106 гектердан 388 жер учаскесі, Отардағы 98 гектардан 682 жер учаскесі бөлініп, 3 бірдей алқапқа инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, қазіргі таңда жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға үлестіріліп жатыр. Мақсат – осындай жолмен елдің баспанаға деген мұқтаждығын сәл де болса азайту.