Меркі ауданында медициналық орталық ашылды
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Негізінен денсаулық сақтау саласының халыққа қызмет көрсетуде сапалы болуы әрі бұл саланың жүйелі дамуы мемлекеттің тұрақтылығы мен халық денсаулығы қауіпсіздігін сақтауда алатын орны маңызды. Сол үшін де мемлекет бүгінде нақ осы саланы заман талабына сай жетілдіруге күш салуда. Қазіргі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек түрінің әлем деңгейінде қайта жаңғыртылуына да осы жайттар басты себеп болып отыр.
Бұл бағыттағы шаруалар өз өңірімізде де тиісті деңгейде атқарылуда. Мәселен Меркі ауданында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үздік тәжірибелік орталығының ашылуы соның айғағы. Бұл жұмыстар негізінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медицина» Ұлттық жобасын және халық денсаулығы мүддесінде әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын сақтау тұрғысындағы саясатының стратегиялық міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып отырғанын айта кету керек. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарын, оның ішінде психологтарды, әлеуметтік қызметкерлерді жаңа технологияларға оқыту бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетуге елеулі үлес қосқан «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен белсенді ынтымақтастығының арқасында ашылған аталған орталық Меркі аудандық орталық ауруханасының базасында орналасқан.
Оның ашылу салтанатына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығының басшысы Мелитта Якаб пен ұйымның техникалық кеңесшісі Арнольдас Юргутис, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының өкілдері Төлебай Рахыпбеков пен оның өкілі Роза Абзалова қатысты.
Аталған орталық барлық жастағы адамдардың денсаулығы үшін маңызды бағыттарды қамтиды. Мысалы мамандардың кәсіби құзыреттері мен тұрғындардың денсаулығы үшін жауапкершілігін қалыптастыру, медициналық көмектің және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, пациенттердің қанағаттануын жақсарту басты орталықтың басты мақсатының бірі.
Мұнда тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсету, жүрек-өкпе реанимациясы, жарақаттар мен қан кетулер, жедел ми қан айналымының бұзылыстары мен құрысу кезіндегі алғашқы көмекті көрсету бойынша оқыту жұмысы да ұйымдастырылады. Мақсат –медицина қызметкерлері үшін, шалғай ауылдардағы дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік – акушерлік пунктерде ана мен бала өлімі, оқыс оқиға кезіндегі өлім-жітімді азайту.