Күй күмбірлеп, терме төгілді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама баскармасының ұйымдастыруымен Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған «Домбыраның қос ішегі» атты облыстық дәстүрлі өнер байқауы өтті.
Өнер қонған өлке Жамбыл облысы таланттарға кенде емес. Қазақтың маңдайына біткен айтөбелдей майталмандарымыз қазақ руханиятының көкжиегінің кеңеюіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Жамбылдық дара туған таланттар хақында сөз қозғағанда ойымызға алғашқылардың қатарында дәулескер күйші, композитор, Әбдімомын Желдібаев пен термеші, ақын, әнші Аяз Бетбаевтың есімі ойға оралады. Ал төл өнерімізді төрге оздырған өнер иелерінің шығармашылығын, өнер жолын насихаттау мақсатында жыл сайын облысымызда түрлі іс-шаралар өткізілуде. Жоғары деңгейде өткен, жамбылдықтарды ән мен жырмен, күймен сусындатқан «Домбыраның қос ішегі» облыстық дәстүрлі өнер байқауы осы сөзіміздің айғағы.
Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттау, өңірде жыршылық, термешілік, күйшілік дәстүрді жалғастыру, жастарымызды ұлттық өнеріміздің қыр-сырына баулу мақсатында өткен өнер аламанына11 жыршы-термеші, 9 күйші қатысты. Ұлы өнерімізді серік еткен байқауға қатысушылардың өнерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев, жыршы-термеші, Аяз Бетбаевтың шәкірті Ертай Тазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Ержан Рысметов, ҚР Еңбек сіңріген қайраткері Асылхан Шүңіреков, сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов саралады.
Ал байқауды ашқан обылс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай алдағы уақытта да Жамбыл облысының, еліміздің мәдениетін мәуелетіп, өз іздерін қалдырған тұлғалардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету, шығармашылығын кеңінен насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіле беретінін айтты. Сондай-ақ Е.Жүнісбай өткізіліп жатқан байқаудың тағылымы мен тәлімі мол екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Көптің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленген байқаудың қорытындысы бойынша жыршы-термешілердің арасында үшінші орынды Шу ауданынан келген Ерлан Сәулебаев иеленсе, екінші орынға жамбылдық Нұрлыбек Таласбаев лайық деп танылды. Сондай-ақ Байзақ ауданынан келген Айбек Қарасаева жүлделі бірінші орынды, қордайлық Ерғат Тәжібаев бас жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар күйшілер арасында үшінші орынды Жанболат Алғабек (Шу ауданы), екінші орынды Ерболат Әлімқұл (Жамбыл ауданы), бірінші орынды Рауан Жексенбі (Байзақ ауданы) иеленді. Бас жүлде Жанат Әлібиге (Жуалы ауданы) табысталды.
Байқау соңында Аяз Бетбаевтың жұбайы Гүлшара Сауырбаева ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.